Ұлттық орталықта «Ұлы Дала мұрасы» атты пресс-тур өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық орталықтың қорында сақталған ғылыми-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау мақсатында қоғам қайраткерлері, бас редакторлар және елімізге белгілі БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Дала мұрасы» атты пресс-тур өтті.
Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР Президенті баспасөзі қызметінің сарапшысы Ербол Алшынбай, белгілі тележурналист Зейін Әліпбек, «Тарих порталы» сайтының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ, «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Гүлзина Бектас және Ұлттық орталықтың қызметкерлері қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.
Арнайы шақырылған қонақтарға Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Айнұр Жарахметова Ұлттық орталықтың тыныс-тіршілігі жайлы мағлұмат берсе, Ұлттық орталықтың көрме және оқу залындағы қолжазбалар және сирек кітаптардан тұратын құнды мұралар жайлы Ғылыми-зерттеу бөлімінің сарапшысы Мұхаммедияр Аңқабаев, ал қайта қалпына келтіру ғылыми зертханасын реставратор маманы Жансерік Бейсенқұлов таныстырды.
Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Ұлы Дала тарихына қатысты мұраларды жан-жақты насихаттау және ел ішіндегі қолжазбалар, сирек кітаптар мен карталарды жинақтау, зерттеу, қалпына келтіру мәселелері талқыланды.
Онда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі Зада Дүкенбаева аталған мекемедегі кейбір мәселеге арнайы тоқталып өтті.
Ұлттық орталық – ел тарихы мен мәдениеті үшін маңызы зор мекеме. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде қолдауды қажет етеді, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжан.
Сонымен қатар ҚР Президенті баспасөзі қызметінің сарапшысы, ақын Ербол Алшынбай өз кезегінде ұлттық орталықтың жұмысына зор қызығушылық танытып, өзінің шағатай жазуынан (көне түркі тілінен) аударған қазақ сұлтаны Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» атты еңбегін Ұлттық орталық қорына сыйлады.
Сондай-ақ белгілі тележурналист Зейін Әліпбек ұлттық орталықтағы құнды мұраларды БАҚ беттерінде жан-жақты насихаттауға мұрындық болатынын айтса, «Тарих порталы» сайтының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен екі жақты келісімшарт жасау негізінде «Тарих порталы» сайтында арнайы айдар ашып тарихи мұраларды ақпараттық қолдауға атсалысатынын жеткізді.