Ұлттық санаққа 13 күн қалды. Онлайн сабақтан кейін онлайн санаққа дайынбыз ба?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халық санағы БҰҰ жариялаған халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бойынша 2020 жылғы кезекті Дүниежүзілік раунды шеңберінде жүргізіледі. Бүгін санақтың өткізілуіне 13 күн қалды. Өздеріңізге мәлім, биылғы санаққа жаңашылдық енгізіліп, санақ онлайн жүргізілетін болды. Пандемия кезінде онлайн сабақты оқып көрген қазақстандықтар үшін бұл қиынға соқпайтын болар. Жалпы Ұлттық халық санағы дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Оған қанша қаражат бөлінді? Осы және өзге сауалдарға жауап іздеп көруді жөн санадық.
Қазақстанда ұлттық санақ неше рет өткізілді?
Биылғы санақ туралы сөз қозғамас бұрын елімізде өткізілген халық санақтары туралы айтып өтсек. Жалпы бұрынғы КСРО құрамындағы Қазақстан халқының соғыстан кейінгі санақтары 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары өткен екен. Тәуелсіз Қазақстанда бірінші ұлттық халық санағы 1999 жылы, ал екіншісі – 2009 жылы болды, санақты ҚР Статистика агенттігі ұйымдастырды.
2009 жылғы санақ деректері бойынша ҚР халқының жыныстық-жастық пирамидасы, мың адам
Барлық халық санағы қағаз жеткізгіште әр адамға жаппай сауалнама жүргізу арқылы өткізілді. Санақ барысында қағаз жеткізгіште алынған деректер өңделіп, қалыптастырылып және жиынтық деректер түрінде жарияланымға жіберілген.
1999 жылғы және 2009 жылғы санақ қорытындылары бойынша дайындалған анықтамалықтар, жинақтар, баспасөз хабарламалары, мақалалар және басқа да статистикалық, талдамалық және ақпараттық материалдар ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтынан көре аласыздар.
Пандемия салдарынан кешіктірілген санақ
Қазақстанда Ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында жоспарланған еді. Алайда әлемнің түкпір-түкпірімен қоса біздің елді де жайлаған COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылдың күзіне ауыстырылды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін ұлттық санақ жүргізуді тапсырды.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасында үшінші кезекті ұлттық халық санағын 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн санақ жүргізіледі. Ал 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында планшеттер арқылы жаппай сауалнама өткізіледі.
Ұлттық санақ кезінде халық санынан басқа қандай құнды деректер алынады?
Алдағы санақтың құндылығы - ол Қазақстан Республикасының халқының тек саны бойынша нақты ахуалды ғана сараламайды. Ұлттық санақ барысында келесі деректерге қол жеткізіледі:
- елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша ел тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпараттың кең ауқымын алу;
- деректерді демографиялық, экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру үшін, сонымен қатар ғылымды, бизнесті және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалану;
- басқа елдердің, бірінші кезекте, ЕАЭО бойынша әріптес елдердің санақ деректерімен салыстырмалы деректерді алу;
- санақаралық кезеңінде халық туралы статистикалық деректердің сапасын арттыру және халықтың жас пен жыныстық құрылымы туралы нақты деректерді алу;
- халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы базаны, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпаратты алу, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді есептеуді жүргізу бойынша нақты ахуалды да білуге мүмкіндік береді.
Негізгі халық санағын өткізуге дайындықты пысықтау үшін екі өңірде пилоттық халық санағы жүргізілді
Биылғы халық санағын жүргізу дайындық кезеңі, негізгі кезең - тікелей санақ жүргізуді және халық санағының қорытындылары шығарылатын қорытынды кезеңнен тұрады.
Негізгі халық санағын өткізуге дайындық шеңберінде ұйымдастыру мәселелерін апробациялау, мәліметтерді жинаудың әзірленген әдістерін тестілеу, санақ құралдарын сынау, деректерді өңдеу жөніндегі бағдарламалар үшін 2018 жылғы 1-30 сәуір аралығында Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында пилоттық халық санағы жүргізілді. Бұдан әрі әдіснамалық құралдар, санақтың НҚА әзірленді және бекітілді, - деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.
2021 жылғы 1 маусым мен 30 маусым аралығында санақтың дайындық кезеңі өткізілді. 1-кезеңнің интервьюерлері (тіркеушілер) тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ олардағы тұратын халықтың нақты санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекен бойынша аралау жүргізді.
1-кезеңнің қорытындылары бойынша қазіргі уақытта санақтың негізгі кезеңінде деректерді жинау жөніндегі жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін аудандастыру (ел аумағын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне бөлу, сондай-ақ әрбір есеп учаскелері үшін тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды жергілікті жердің схемалық карталарына салу) жүргізілуде.
Тамыз айында аумақтық статистика бөлімшелерінің қызметкерлерін оқыту басталады. Олар бұдан әрі қыркүйек айында уақытша санақ персоналын (интервьюерлерді) іріктеуді және оқытуды ұйымдастырады.
2021 жылғы санақ парақтарына қандай сұрақтар енгізілді?
Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан) тұратын санақ парақтары әзірленді. Атап айтқанда:
- «1-ПП» «Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі» (8 сұрақ);
- «2-Ж» «Тұрғын үй жағдайлары» (8 сұрақ, 3 нақтылаушы сұрақ);
- «3-И» «Жеке» (42 сұрақ, 18 нақтылаушы сұрақ);
- «4-В» «ҚР аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер» (11 сұрақ, 1 нақтылаушы сұрақ).
Дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақ парақтарына келесі сұрақтар енгізілді:
а) халықты есепке алу сәтінде респонденттің орналасқан жері;
б) тіршілік әрекетін шектеу (көрумен, естумен, жүрумен байланысты қиындықтар, есте сақтау және/немесе назарды шоғырландыру қиындықтары);
в) ҚР аумағында уақытша тұратын адамның келген елі;
г) келу мақсаты;
д) елдегі пандемияның табыс деңгейіне әсері;
е) коронавируспен сырқаттануы және вакцинация.
Қосымша сұрақтарды қосу арқылы кейбір сұрақ толықтырылды:
а) көші-қон - ҚР тыс жерлерге шығуды жоспарлау туралы, негізгі себептері мен мерзімдері;
б) неке жағдайы - қазіргі (немесе қайта) некеге тұруы туралы;
в) жұмыспен қамтылу – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұрғылықты жеріне оралу кезеңділігі туралы;
г) бала туу – туған балалар және бірінші мен соңғы баланың туған күндері туралы;
д) тілдерді меңгеру дәрежесі;
е) діні;
ж) бір айдағы табыс.
Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдармен, атап айтқанда ҚР ПӘ ішкі саясат бөлімі, ҚР МСМ, ҚР АҚДМ, ҚР ДСМ, ҚР БҒМ, ҚР ЕХӘҚМ, ҚР ІІМ, ҚР СІМ, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азия бойынша басқармасының өкілдігімен, бұдан бөлек БҰҰ халық қоныстануы саласындағы қорының өкілдерімен, санақ парақтары сұрақтарының мазмұны және оларды қою мәселелері бойынша бірлескен жұмыс және жұмыс кездесулері өткізілді, - деп атап өтті ҰСБ басшысы.
Биылғы халық санағының жаңашылдығы - заманауи цифрлық технологиялардың енгізілуінде
2021 жылғы ұлттық халық санағының жаңашылдығы - заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру болып саналады.
Бұдан былай халық туралы деректерді жинау үдерісі төменде келтірілген тәсілдер және құралдар арқылы жүзеге асырылады:
Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салу жүргізу. Ол виртуалды көмекші арқылы респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан, өздігінен санақтан өтуге, өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылғы 1 қыркүйек – 15 қазан аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.
Сондай-ақ egov.kz Электрондық үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына сілтеме бар, мұнда сілтеме бойынша өту арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.
Бұдан бөлек респонденттер ХҚКО-ларда, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және т. б. орналасатын, арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады.
Екінші әдіс - дәстүрлі жаппай аралап шығу, белгіленген мерзімде онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында өткізіледі. Бұл әдістің жаңашылдығы - жаппай аралап шығу кезінде интервьюерлер электрондық планшеттерді пайдаланады. Бұл санақ қызметкерлерінің еңбек шығындарын азайтуға, адами фактордың деректер сапасына әсерін азайтуға, ЖСН қолданумен халық санағы деректерінің анықтығы деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе керек-жарақтарын едәуір үнемдеуге, сондай-ақ деректерді жинау кезінде интервьюерлердің ыңғайлылығы мен ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.
Үй-үйді аралап шығу ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында өткізіледі. Бұл ретте қамтуды және деректердің анықтығын тексеру мақсатында респонденттердің 10%-ын бақылап аралап шығады.
Бұдан басқа санақ парақтарында да өзгерістер болды. Сонымен қатар жұмыспен қамту, тілдерді меңгеру, неке жағдайы және бала туу жөніндегі сұрақтар кеңейтілді. Санақ парақтарына халықтың көші-қоны және тіршілік әрекетін шектеу туралы жаңа сұрақтар енгізілген. Сұрақтарды БҰҰ-ның Мүгедектік статистикасы вашингтондық тобы ұсынған. Олардың мақсаты - халық санағын жүргізу кезінде қолдануға жарамды мүгедектік критерийлеріне ерекше назар аудара отырып, денсаулық сақтау статистикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету, - деп түсіндірді Айдапкелов.
Ұялы байланыс желісі нашар шалғай аудандарда санақ деректері қалай жіберіледі?
Халық санағын өткізу кезеңінде деректерді санақтың орталық серверіне беру екі тәсіл арқылы жүзеге асырылады.
1. Интервьюер планшетпен желінің қамту аймағында болған жағдайда, ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы онлайн режимде планшеттен беріледі.
2. Ұялы байланыс желісі нашар шалғай аудандарда сауалнама жүргізу кезінде деректер ЖАО (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған МО БКО арқылы офлайн режимінде орталық санақ серверіне берілетін болады. Байланыстың бұл түрі барлық деңгейде (қалалық, аудандық, ауылдық) қолжетімді.
Сонымен қатар барлық аумақтық статистика органы (департаменттер және аудандық/қалалық статистика басқармалары) қосылған IP VPN (жергілікті желі) арқылы деректерді жіберуге болады.
Онлайн режимде санақ өткізу кезеңінде ұялы телефоннан «88000800878» және стационарлық телефон нөмірлері үшін «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі арқылы санақ мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген. Респондент Call-орталыққа жүгінген кезде туындаған мәселелер бойынша автоматты режимде ҚР ҰСБ Орталық аппаратының тиісті телефон нөмірлеріне бағытталатын болады, - деді Нұрболат Айдапкелов
Ұлттық санақтың арқасында 33 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады
Халық санағын өткізу кезінде 32 313 адам уақытша жұмысқа орналастырылады.
2021 жылғы халық санағын өткізу кезінде бір адамға жұмсалатын шығындар 1,1 АҚШ долларын құрайды. Мәселен 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 АҚШ долларын, ал санақ бюджеті 6,5 млрд теңгені құрады. Халық санағына жұмсалатын шығындардың төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен және халық санағы процесін автоматтандырумен және қағаз жеткізгіштерден бас тартумен байланысты, - деді ведомство басшысы.
Көршілес елдермен салыстырғанда Қырғызстанда (2021 жылы) бір адамға шаққандағы ұлттық халық санағының құны – 1,2$, Әзербайжанда (2019 жылы) – 1,44$, Ресейде – 3,6$ (2021 жылы) құраған екен.
2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды, қазіргі уақытта 3,5 млрд теңге игерілді.
Осы ретте Ұлттық санақ аяқталғаннан кейін планшеттердің бір бөлігі статистикалық зерттеулер үшін ҰСБ-да қалдырылады. Сондай-ақ көп бөлігі мектептер мен ауруханаларға беріледі.
Шетелде оқып немесе жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға санақ жүргізіле ме?
2021 жылғы халық санағы кезінде Қазақстанда келесі тұлғалар санаққа алынатын болады:
- ҚР азаматтары, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты (әдетте) тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар,
- Қазақстанның мемлекеттік билік органдары (дипломатиялық корпус) желісі бойынша қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзімге шетелде жүрген немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда) оқудағы («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды қоса алғанда») ҚР азаматтары;
- тұрғылықты жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде уақытша (12 айдан аз) Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және ҚР азаматтары.
2021 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан Республикасында санаққа енгізілмейді:
- шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
- «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттер алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, шетелге 12 ай және одан да көп мерзімге жұмысқа немесе оқуға кеткен (болмау ұзақтығына қарамастан, 12 айдан астам) Қазақстан Республикасының азаматтары;
- өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері.