Бүгін Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтеді.

Құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдері кіретін Ұлттық кеңес қазіргі таңда ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерді талқылайды.

Сондай-ақ Кеңес мүшелері құрамында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер бар. Бұдан бөлек Ұлттық кеңес Төрағасының шешімімен Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін. 

Бұған дейін кеңес мүшелерінің мүшелік кездесуі өтті. 28 тамызда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өткен жиында Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері, Ұлттық кеңестің бірінші отырысын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, жұмыс топтары құрылды. 

"Мүшелер үш топқа бөлінді. Саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық топ. Үш топ өз ұсыныстарын, жоспарларын, талап-тілектерін кеңестің алғашқы отырысы күні айтатын болады. Және сол күні Ұлттық кеңестің нақты бағыт-бағдары айқындалады. Қалай дегенмен де, бұл кеңестің ауқымы кең. Еліміздегі қордаланып қалған барлық әлеуметтік мәселелерді талқылайды" - деді BAQ.KZ-ке берген сұқбатында Ұлттық кеңес мүшесі Ерлан Саиров.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы