Ұлтттық спорт түрлерінен VI фестиваль салтанатты түрде ашылды

Елордада “Қазанат” ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілішісі.

Іс-шара аясындағы ең негізгі жарыс “Ұлы дала жорығы” марафон бәйгесі болмақ. Былтыр басталған бұл жоба биыл да жалғасын табады.

Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Президентіміз күні кеше Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз, – деді Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

“Ұлы дала жорығы” марафон бәйгесіне бұл жолы еліміздің әр өңірінен 20 команда қатысады. Командалар 14 күнде елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты жүріп өтуі керек.

Фестивалдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спортты дамыту маңызды екенін жеткізді.

Баршаңызды ұлттық спорт түрлері VI фестивалінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан мұндай ауқымды іс-шараның маңызы зор. Себебі, ұлттық спортымыздың мәртебесін өсіру – қоғамдағы негізгі мәселенің бірі. Мемлекет тарапынан төл мәдениетімізді дамытуға үлкен қадамдар жасалып жатыр, - деді Исламбек Салжанов.

Одан бөлек, спортшылар алдағы 5 күнде 11 спорт түрінен сайысқа түседі. Олар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен мықтыны анықтайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы