Ұлт болашағы – отбасында: тәрбиенің тамыры мен мемлекеттің қолдауы
Қоғамның негізі – отбасы. Бұл ұғым адамзат өркениетімен бірге жасап келе жатқан аса маңызды рухани және әлеуметтік институт. Қазақ халқы үшін отбасы – тек тұрмыстық орта ғана емес, тұтас бір тәрбие мектебі, мәдениет пен адамгершілік бастауы. Алайда бүгінгі жаһандану дәуірінде бұл асыл ұғымның мәні өзгеріп, дәстүрлі құндылықтар жаңа заманмен бетпе-бет келіп отыр. Осы тұста, отбасының қоғамдағы орны мен отбасылық құндылықтардың тағдыры қалай өзгеруде? Жастар бұл құндылықтарға қалай қарайды? Отбасы институтын нығайтудың жолы қандай? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрген еді.
Ұлт болмысы отбасынан басталады
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қазақ отбасында әр адамның өз орны, міндеті, парызы болған. Әке – отбасының иесі, ана – береке бастауы, ата мен әже – тәрбие көзі, ал бала – елдің ертеңі. Бұл құрылым ұрпақтың рухани кемелденуіне, ұлттың ұйысуына үлкен ықпал етті.
Қазақ отбасы – тәрбие мен рухани сабақтастықтың басты мектебі болған. Әр адамның қоғамдағы орны, мінез-құлқы мен көзқарасы отбасында қалыптасатын. Сондықтан баланың бойына ерте жастан еңбекқорлық, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қасиеттер сіңірілген.
Отбасындағы тәрбие тек жеке адамға емес, тұтас қоғамға әсер ететін құндылықтардың бастау көзі болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтардың маңыздылығын жиі атап өтеді.
Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. "Үлкенге құрмет, кішіге ізет" біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы қуаттың елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл сөздер мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айғақтайды. Себебі отбасы – мемлекеттің іргетасы, ұлттың ұйытқысы. Қазақстанның әлеуметтік саясатында отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Мәселен, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үймен қамту, бала күтіміне жәрдемақы, білім мен денсаулық саласындағы жеңілдіктер қарастырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің бірқатар Жолдауларында отбасылық құндылықтардың маңыздылығына ерекше тоқталып, ұлттық тәрбие мен рухани бірлікті сақтауда отбасының рөлін нақтылап көрсеткен болатын. Бұл – отбасын қолдау тек жеке мәселе емес, ұлт болашағына әсер ететін мемлекеттік міндет екенін аңғартады.
Бүгінгі заман отбасыға сынақ па, мүмкіндік пе?
Уақыт алмасып, заман жаңарған сайын отбасы құрылымында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Бұрынғы дәстүрлі, көп ұрпақтан құралған үлкен шаңырақтардың орнын бүгінде шағын, ядролық отбасылар басты. Ақпараттық технологияның дамуы, әлеуметтік желілердің кең таралуы, жаһандық құндылықтардың ентелей енуі – мұның бәрі отбасылық қарым-қатынас пен бала тәрбиесіне жаңа форматтар әкелді. Қазіргі таңда балаға ықпал ететін басты күш – ата-ана емес, интернет пен сыртқы ақпараттық орта десек, қателеспейміз.
Бұл ретте психолог, отбасы терапевті Айдана Мырзабекқызы: "Егер отбасында тұрақтылық, сүйіспеншілік пен сенім болмаса, бала сыртқы ықпалдарға тез еріп кетеді. Сондықтан ашық қарым-қатынас пен ата-ананың үлгісі – басты тәрбиелік құрал болып қалуы керек", – дейді.
Шынында да, бала үшін ата-ананың мінез-құлқы мен бір-біріне деген қарым-қатынасы – алғашқы әрі ең әсерлі мектеп. Себебі бала айналасындағы дүниені, адамдарды, өмірлік құндылықтарды алдымен ата-анасының іс-әрекеті арқылы танып-біледі. Ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы, сабырлылығы мен қамқорлығы баланың санасына мықтап орнығып, болашақта өзінің қарым-қатынас үлгісіне айналады. Егер отбасында дау-дамай мен түсініспеушілік жиі орын алса, балада үрей, сенімсіздік, тіпті агрессия сияқты мінездік ауытқулар пайда болуы мүмкін. Ал керісінше, мейірім мен сыйластыққа толы ортада өскен бала өз ортасына да сол қасиеттерді дарытады. Демек, отбасы ішіндегі өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынас – ұрпақ тәрбиесінің мызғымас іргетасы болумен қатар, тұтас қоғамның болашағына да тікелей әсер ететін құндылық.
Жамбыл облысының тұрғыны, көпбалалы әке Марат Қайратұлы да ата-ана мен бала арасындағы байланыс отбасындағы тәрбиенің көрінісі екенін жоққа шығармайды.
Балаларымның болашағы үшін жауаптымын. Үйде үнемі бірге дастарқанда отырып, сөйлесуге тырысамыз. Әкенің тәрбиесі – тек қаталдық емес, мейірімділік пен жанашырлықтан тұрады, - дейді көпбалалы әке.
Ал Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тұратын зейнеткер Бибігүл апа отбасылық тәрбиенің маңыздылығын ұғыну қажет деген пікірде.
Біздің кезімізде ата-ананың қабағына қарап, тәртіппен өстік. Қазір балалар еркін, бірақ сол еркіндіктің шегі болуы керек. Үйде берілген тәрбие – баланың өмір бойғы қорғаны, - дейді көпті көрген әже.
Алайда қалалық жастар үшін отбасы – бұрынғыдай қатал ереже мен шектеудің емес, қолдау мен еркіндіктің мекені. Бүгінгі жастар ата-аналық үлгіні тек басқару немесе тыйым салу арқылы емес, тең құқылы, ашық әрі сенімді қарым-қатынас арқылы қалыптастыруды құп көреді. Олар үшін отбасы – өзін еркін сезініп, ойы мен сезімін жасырмай жеткізе алатын, қателесуден қорықпайтын, керісінше, сол қателіктерден сабақ алуға мүмкіндік беретін орта болуы тиіс. Мұндай көзқарас отбасының жаңа заманауи моделін қалыптастыруда. Бұл модельде ата-ана мен бала арасындағы байланыс бұйрық пен тыйымға емес, диалог пен серіктестікке негізделеді. Жас ұрпақ үшін маңыздысы – эмоционалды қолдау, жеке кеңістікке құрмет және шешім қабылдаудағы дербестік. Осылайша, қазіргі отбасы үлгісі бір жағынан дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, екінші жағынан, заман талабына сай өзгеріп, адамды тұлға ретінде қалыптастыруға жағдай жасайтын ортаға айналуда.
Жастар отбасына еркіндік, серіктестік және теңдік тұрғысынан қарайды. Бұл – заманауи көзқарас, өркениетті қоғамның талабы. Бүгінгі жас отбасыларда әр тараптың пікіріне құлақ асу, жауапкершілікті бөлісу, бір-бірін жеке тұлға ретінде сыйлау маңызды орын алады. Дегенмен, осы еркіндік пен ашықтықтың шегі ұлттық болмыс пен дәстүрлі тәрбие ұстанымдарымен үйлесіп жатуы қажет. Себебі нағыз үйлесім – заманауи көзқарас пен ұлттық құндылықтардың тепе-теңдігін сақтағанда ғана орнайды. Тек батыстық үлгідегі еркіндікке бой ұрып, ата-баба дәстүрін терістеу – қоғамның рухани іргетасын шайқалтуы мүмкін. Сондықтан да жастар үшін маңызды міндет – отбасыдағы тең серіктестікке ұмтылып қана қоймай, соны қазақы болмысқа, салт-санамызға сай жүргізе білу. Бұл – отбасын ғана емес, тұтас ұлттың тұтастығын сақтайтын ұлы жауапкершілік.
Отбасы институты – ұлттық қауіпсіздік тірегі
Қоғамдық ғылымдарда "отбасы институты" – адамдар арасындағы заңмен және моральдық нормалармен реттелетін тұрақты жүйе ретінде қарастырылады. Бірақ қазақ қоғамында бұл ұғым одан әлдеқайда терең: ол – ұлттың өзіндік болмысы мен рухани діңгегі.
Қазіргі таңда отбасылық құрылым бірнеше қауіппен бетпе-бет келіп отыр: ажырасу деңгейінің артуы, баланы моральдық тәрбиелеудің әлсіреуі, материалдық құндылықтардың үстемдігі. Бұл факторлар отбасы институтының әлсіреуіне әкеледі. Ал бұл – қоғам тұрақтылығы үшін ескеретін басты мәселе, - дейді әлеуметтанушы Назгүл Әлімбаева.
Бүгінде отбасы институтының әлсіреуіне себеп болатын негізгі үш фактор бар:
1. Ақпараттық ықпал және әлеуметтік желілердің үстемдігі.
Интернет пен әлеуметтік желілер отбасы мүшелерінің бір-бірімен тікелей қарым-қатынасын азайтып, виртуалды әлемге тәуелділікті арттырды. Жастар шынайы өмірден алыстап, көп жағдайда отбасылық рөлдер мен міндеттерге қатысты қате түсініктерді желіден алып жатады. Бұл – әсіресе ата-ана мен бала арасындағы байланысты әлсірететін маңызды себептердің бірі.
2. Материалдық қиындықтар мен әлеуметтік тұрақсыздық.
Көптеген жас отбасылар үшін баспана, жұмыс орны, тұрақты табыс секілді мәселелер шешілмеген күйде қалып отыр. Бұл жағдайлар отбасындағы күйзеліске, түсініспеушілікке әкеліп, нәтижесінде ажырасу немесе бала тәрбиесіне жеткіліксіз көңіл бөлінуімен аяқталуы мүмкін.
3. Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде батыстық мәдениет пен өмір салтының ықпалы артқан сайын, ұлттық болмыс пен дәстүрлі тәрбие көлеңкеде қалып барады. Ата-анаға құрмет, үлкенді сыйлау, жауапкершілік пен сабырлылық сияқты қасиеттер бұрынғыдай басты орында тұрмай, олардың орнын дарашылдық пен тұтынушылық ұстанымдар басып жатыр.
Мемлекеттің отбасылық құндылықтарды қолдаудағы жүйелі саясаты
Қазіргі таңда отбасы институтының әлсіреуіне алып келетін әлеуметтік, мәдени және технологиялық факторлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Осындай сын-қатерлерге қарсы мемлекет бұл мәселеге кешенді түрде қарап, отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірнеше тиімді бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде.
Бірінші бағыт – әлеуметтік қолдау шаралары. 2025 жылдың қаңтарынан бастап барлық жәрдемақы мен зейнетақылар инфляцияға сай автоматты түрде индекстеліп отырады. Жәрдемақылар мен базалық зейнетақылар 7 пайызға, ал орташа зейнетақы көлемі 9 пайызға ұлғайтылады. Сонымен қатар, балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар көлемі де арттырылып, 2025 жылғы бюджеттен бұл мақсатқа 875 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 2 миллионнан астам отбасын қамтиды. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) те сақталып отыр – ол кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға қаржылай және заттай қолдау ретінде беріледі. Мысалы, 1–6 жас аралығындағы балалар үшін ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төленеді. 2024 жылы бұл көмекті 129,5 мыңнан астам бала алды.
Екінші бағыт – тұрғын үй және қолжетімді баспана саясаты. "Бақытты отбасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен ипотекалық несие ұсынылады. Бастапқы жарна – небәрі 10 пайыз. 2024 жылы бұл бағдарлама шамамен 6 мың отбасыны қамтиды. Бұдан бөлек, "Отбасы банк" арқылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 7–9 пайызбен жеңілдетілген ипотекалық несиелер ұсынылады. 2025 жылы осы мақсатқа 72 миллиард теңге бөлініп, 2 440 адам қамтылмақ. 2024 жылғы заңнамалық реформалар нәтижесінде тұрғын үй кезегін бір орталыққа шоғырландыру, жалдамалы пәтер қорын субсидиялау және баспанамен қамтылған азаматтарға мемлекет тарапынан кепілдіктер беру жүйесі енгізілді.
Үшінші маңызды бағыт – отбасылық құндылықтарды насихаттау мен рухани қолдау. "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп, қоғамда үлгі боларлық жанұялар кеңінен танылып, марапатталады. 2025 жылы арнайы 112 отбасыны қолдау және тәрбиелік-мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға арналған орталық ашылады. Сонымен қатар, білім, мәдениет және спорт салаларында балалардың әлеуетін дамытуға бағытталған гранттар мен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр баланың болашағына қамқорлық ретінде арнайы жинақ есепшотын ашу бастамасын да көтеріп, бұл идеяны нақты бағдарламалар арқылы жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Қорытындылай келгенде, мемлекет отбасы институтын тек әлеуметтік қолдау арқылы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жаңа заман талабына сай отбасылық үлгіні қалыптастыру жолында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл шаралар – заманауи серіктестік пен еркіндік ұстанымдарын ұлттық болмыспен сабақтастыра отырып, қоғамның тұрақтылығы мен ұлттың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.