Кеше 2026, 22:53 Фото: Polisia.kz

Үлкендердің қарауынсыз үйден шығып кеткен: Жетісуда жоғалған екі жасар бала табылды

Тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, баланы қауіпсіз жерге жеткізіп, өз бақылауларына алған.

Жетісу облысында полиция қызметкерлері жол жиегінде адасып жүрген екі жасар баланы тауып, ата-анасына аман-есен табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кезекті патрульдеу кезінде «Беркут 161» экипажының қызметкерлері жол бойында жалғыз жүрген бүлдіршінді байқап қалған. Кейін анықталғандай, бала үлкендердің қарауынсыз үйден шығып кеткен, ал ата-анасы оның жоғалғанын бірнеше минуттан соң ғана байқаған.

Тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, баланы қауіпсіз жерге жеткізіп, өз бақылауларына алған. Осы уақытта «102» арнасына бұл оқиға бойынша ешқандай хабарлама түспеген.

Көп ұзамай оқиға орнына баланың ата-анасы келіп, бүлдіршінді алып кетті. Полицейлердің жедел әрі қырағы әрекетінің арқасында балаға ешқандай зиян келмеген.

Мамандар бұл жағдай ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын тағы бір мәрте еске салады. Ал полиция қызметкерлері үшін мұндай жайттар – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі.

Біздің міндетіміз – дер кезінде қасында болып, қолдау көрсету. Кейде қарапайым қырағылықтың өзі үлкен қауіптің алдын алады, – дейді тәртіп сақшылары.