«Үлкен қадам жасау үшін кейде аз ғана қолдау қажет» – Жамиля Эрназарова
Бүгін Астанада UMAI ANA әйелдер форумы оныншы рет өтіп жатыр. Форумға Елорда мен өзге өңірлерден 400-ге жуық кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел қатысты. Форум аясында BAQ.KZ тілшісі UMAI ANA әйелдер форумының негізін қалаушы әрі бас ұйымдастырушысы Жамиля Эрназаровамен әңгімелесті. Ол биылғы форумда кәсіп иелері қандай сұрақтарға жауап іздейтінін, әйелдерге өз ісін бастауға не кедергі болатынын және Павлодарда қолға алынған бастаманың қалай дамығанын айтып берді.
UMAI ANA форумы оныншы рет өтіп жатыр. Мерейтойлық басқосудың бұған дейінгі форумдардан айырмашылығы қандай?
Ұйымдастыру комитетінде мерейтойлық форумды кең көлемде өткізу туралы ұсыныс болды. Біз қатысушыларға таныс форматты сақтап, практикалық жұмысқа басымдық бердік. Биылғы тақырып – әйелдің 2027 жылға арналған өмірлік стратегиясы. Қатысушылар күн соңында «Келесі жылы кәсібімді қай бағытта дамытамын? Өзім қандай мақсаттарға жеткізгім келеді?» деген сұрақтарға жауап тауып, нақты жоспармен қайтса дейміз.
Форумға кімдер қатысады? Биыл спикерлер қандай тақырыптарь көтерді?
Астана мен Қазақстанның өзге қалаларынан 400-ге жуық кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел қатысып отыр. Қауымдастық негізінен микро, шағын және орта бизнес өкілдерімен жұмыс істейді. Арамызда шағын өндіріс ашқан, өз брендін құрған, білім беру, қоғамдық тамақтану және қолөнер салаларында кәсіп жүргізіп жүрген әйелдер бар.
Дәстүр бойынша форумда еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдап жүрген пікір көшбасшылары мен салалық сарапшылар сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Кәсіп иелері сіздерге көбіне қандай мәселемен жүгінеді?
Үш сұрақ жиі қойылады. Табысты қалай арттыруға болады? Төлем мерзімі келгенде кассада ақша жетпей қалса, не істеу керек? Қызметкерлермен жұмысты қалай жолға қоюға болады? Мұның бәрі – кәсіп иесі күнделікті шешетін мәселелер. Қорды 2022 жылдың қазанында аштық. Содан бері осы бағыттарда кәсіпкерлерге көмектесіп келеміз.
Қордың іс-шаралары кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер үшін тегін. Қатысушылар өнімін нарыққа танытуды, жеке брендін дамытуды, қызметкерлермен жұмыс істеуді және уақытын жоспарлауды үйренеді. Дәріс оқитын кәсіпкерлер мен салалық сарапшылар өз тәжірибесін ерікті түрде бөліседі.
Әйелдер кәсіп ашқысы немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келгенде қандай кедергілерге тап болады?
Менің байқауымша, Қазақстанда шағын кәсіп жүргізуге қолайлы орта қалыптасқан. Кәсіпкер әйелдерге кейде өз күмәні мен қорқынышын жеңу қиынға соғады. Алғашқы қадамды жасауға жүрексінетіндер бар. Тағы бір мәселе – кәсіпке, отбасыға және денсаулыққа қатар уақыт бөлу. Істі жаңа бастағанда да, оны кеңейткенде де осының бәрін үйлестіру оңай бола бермейді.
Кәсіп бастағысы келген әйелдерге қандай қолдау қолжетімді?
Әйелдерге арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Ұлттық компаниялар мен ірі бизнестің де өз қолдау жобалары бар. Мені қуантатыны – осы мүмкіндіктер туралы ақпараттың ашық қолжетімді бола түсуі. Кәсібін енді бастағалы жүрген әйелдің жанында заңгері немесе бухгалтері болмауы мүмкін. Қажетті ақпаратты өзі іздеп тауып, бағдарлама шарттарын зерделеп, оны өз ісін дамытуға пайдалана алады.
UMAI қауымдастығын құру идеясы қалай туды? Алғашқы форум қайда өтті?
Пандемиядан кейін, 2022 жылдың қазанында өңірде тұрып, өз кәсібіммен айналысып жүрген едім. Сол кезде әйелдер бір-бірін қолдайтын қор ашу туралы ой келді. Қауымдастыққа келіп, тәжірибе жинаған әйел кейін өз ісін енді бастаған басқа кәсіпкерге бағыт көрсетсе деймін. Бірі тәлімгер бола алады, енді бірі өз тәжірибесімен бөліседі.
Біраз уақыттан кейін ұйымдастыру комитетімен ауқымды іс-шара өткізетін кез келді деп шештік. Алғашқы форумды Павлодарда өткіздік.
Төрт жылда қордың іс-шараларына қанша әйел қатысты?
Біздің дерегіміз бойынша, төрт жыл ішінде форумдарымыз бен қордың өзге де іс-шаралары 8 мыңға жуық әйелді қамтыды. Қазір қауымдастықтың Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шымкент қалаларында филиалдары бар.
Сіз форумды ашық алаң деп сипаттадыңыз. Мұндай алаң әйелдерге не береді?
Форумда және қауымдастықтың басқа кездесулерінде әйелдер өз ісін дамытудың түрлі жолымен, қолжетімді құралдармен танысады. Осындай ортада бір кәсіпкер өзі жүріп өткен жолды айтып, екіншісіне бағыт көрсете алады. Біздің жұмысымыздың негізінде осы өзара қолдау жатыр.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау ісінде сізді не шабыттандырады?
Қазақстандық әйелдердің өздері шабыттандырады. Олардың әлеуеті зор. Кейде әйелге үлкен қадам жасау үшін аз ғана қолдау қажет.
Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңыз үшін алғысымды білдіремін.