Үлкен проблемаға айналды. Сенатор өзекті мәселені қозғады
Сенатор Бибігүл Жексенбай мегаполистердегі проблемаларды жүйелі түрде шешуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2030 жылға қарай халық саны Астанада – 33%-ға, яғни 1,7 млн адамға, Алматыда – 20%-ға немесе 2 млн 466 мың адамға, Шымкентте – 32%-ға немесе 1,5 млн өседі. Бұл ел халқының төрттен біріне жуығы осы мегаполистерде шоғырланады деген сөз.
Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, еліміздің мегаполистеріндегі бұл жағдай ауқымды проблемаға айналуы мүмкін.
Сенатордың пікірінше, қазірдің өзінде аталмыш қалалардағы халықтың едәуір бөлігі шет аймақтарда, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады, мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін қаншама шақырым жеке көлікпен жүруге мәжбүр. Сондықтан бұл қалалалардағы өзге мәселелермен қатар қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен проблемаға айналды.
Халқы жылдам өсіп жатқан қалалардың орталықтары мен шеткері аймақтары бойынша зерттеу мен сараптамаларды күшейту және сауда-қызмет, демалыс орындарын біркелкі орналастыруды қатаң бақылау қажет. Қала қозғалысын басқарудың бірыңғай орталықтан автоматты басқару және «ақылды», бағдаршамдар жүйесін енгізу маңызды болып отыр. Маршруттардың, қоғамдық көлік бөлімшелерінің санын көбейту, оларға арнайы жолақтарды көбейту және қоғамдық көлік сапасы мен қауіпсіздігін күшейту де басты міндет, - деді сенатор.