Үлкен державалар бізге қарсы қысым көрсетіп жатыр – саясаттанушы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия елдеріне шекара маңы сауда-экономикалық хаб желісін құру ұсынысына байланысты пікір білдірді.
Бұл – біз үшін өте маңызды жоба. Себебі үлкен державалар бізге қарсы қысым көрсетіп жатыр. Мысалы, Ресей бізді Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында анық дауыс беруге мәжбүрлеп жатыр, сондай-ақ КТК арқылы қысым көрсетуде. Қытай да былтыр шекарада тосқауылдар қойып, бізге ғана емес, басқа елдерге де экономикалық қысым жасап жатыр. Сондықтан біз Орта Азия одағын құрсақ, біздің ортақ егемендігіміз үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын, - деді ол.
Саясаттанушы Орталық Азия елдерінің жалпы халқының саны 75 миллионнан асатынын, ал Әзірбайжанды есептегенде 85 миллион адам болатынын атап өтті. Яғни маманның ойынша, еңбек ресурстарымен байланысты мәселелер болмайды, аймақ өзінің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз ете алады.
Орталық Азия елдері бірігу арқылы Қытаймен транзиттік жобаларды талқылаған келіссөздерде үлкен салмаққа ие болады. Ресей үшін де 75 миллион тұрғыны бар аймақ оның мүдделерін елемеу мүмкін болмайтын маңызды сұхбаттасушыға айналады. Қазақстанда мұнай, білім беру жүйесі, энергетика болса, басқа республикаларда азық-түлік, жұмыс күші, су бар. Біз бірге жұмыс істеп, жақсы ынтымақтастық құрамыз деп сенемін, - деді Әбішев.