Үлкен балалар тілін қайшымен кеспек болды: 7 жасар бала шабуыл оқиғасын ойдан шығарған

Павлодарда 7 жасар бала тілін жаралауды үлкен балалардан көрдім деп ойдан шығарғаны анықталды. Полиция тексеріс жүргізіп, шын жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін екі бала 7 жастағы баланы ұрып, тілін қайшымен жаралады деген ақпарат тараған еді. Жарақат алған бала травматология бөліміне түскен, полиция қылмыстық іс қозғаған болатын.

Алайда кейін тексеру нәтижесінде оқиға мүлде басқаша болғаны белгілі болды. Полиция оқиға орнын қарап, көршілерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерген. Нәтижесінде баланың аязда ерні мен тілін металл әткеншекке жабыстырып алғаны анықталды. Қанды көріп қорыққан бала әкесінің назарын аудару үшін шабуыл туралы әңгімені өз ойынан құрастырған.

Полиция қызметкерлері баламен және анасымен әңгімелесіп, мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын түсіндірді. Ал ата-анасына мектеп психологының кеңесіне жүгіну ұсынылды. Бала толық жазылғаннан кейін жағдай кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады.

Полиция азаматтарды тек ресми және тексерілген ақпаратқа сенуге шақырады, өйткені жалған хабар тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деді Павлодар облысы ПД өкілдері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы