Нұр-Сұлтанда үлкен айналма жол ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Айналма жолдың ұзындығы 34 шақырымды құрайды, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі.

2019 жылғы 29 қараша күні Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин "Нұр-Сұлтан қаласының үлкен айналма жолында" көлік қозғалысын ашты. Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасының халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы өкілдігінің директоры И.Г.Янсон, мердігер ұйымдар мен техникалық бақылау қызметтерінің өкілдері қатысты. 


"Нұр-Сұлтан қаласының үлкен айналма жолы" жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 2017 жылдың желтоқсан айында "СиньСин" КГК КФ және "ҚазГерСтрой" СП" ЖШС құрылыс консорциумы бастаған. Айналма жолдың ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін тас жол І техникалық санатқа келтіріліп, ені 7,5 метрді құрайтын толық 4 жолақты автожол болады, - делінген компанияның хабарламасында.

Айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары күрделі инженерлік жобалардың бірі болып табылады. Оның құрамына 4 жол айрығы мен 3 көпірдің құрылысы кіреді. 

1000-нан астам білікті маман жұмылдырылған мердігер ұйымдардың тиімді және бірлескен жұмыстарының нәтижесі бойынша елорданың көлік жүйесінің жүктемесі азайып, жолаушылардың уақыты үнемделеді. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы экологиялық жағдайға да игі әсері тиеді деп жоспарлануда.

Салтанатты іс-шараның барысында Асқар Мамин автожолдардың құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарында қолданылатын жаңа технологиялар мен материалдар ұсынылған ашық экспозициялармен танысты. 

Шараны қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының премьер-министрі батырманы басып, Нұр-Сұлтан қаласының үлкен айналма жолындағы көлік қозғалысын ашты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы