Үлкен Алматы көлінің аумағына кіру бағасы туристер наразылығын тудырды
Әлеуметтік желіде туристер Үлкен Алматы көлінің аумағына кіру тым қымбат екенін айтып шағымданды. Бейнероликтегі ер азаматтың сөзінше, "ҚазАвтоЖол" қызметкерлері жолдың апатты екенін, бірақ қызметтік көлікпен 30 мың теңгеге жеткізе алатынын айтқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.
Жолдағы бұл келеңсіз жағдайға наразылық білдірген тұрғын нашар жолдан қызметтік көліктердің өтіп жатқанына таңданыс білдірді.
"ҚазАвтоЖол" қызметкерлері "жол нашар" деген сылтаумен адамдарды бөгеттің үстінен өткізбейді. Дегенмен бұл кезде қызметтік көлікпен жүргендерге жаман жол жақсы, қауіпсіз болып кетеді екен. Біз құны қанша болатынын сұрағанымызда, 30 000 теңгеге баруға болатын айтты. Меніңше, бұл мүлдем әділетті емес. Мұндай жағдайға тап болғандар бар ма? "Жол жөнделіп жатыр ма?" деген сұраққа олар "жоқ" деп жауап берді, – делінген бейнероликте.
Аталған жағдайға "ҚазАвтоЖол" ЖШС пікір білдірді.
Полицияның ұйғарымына сәйкес, "Алматы – Ғарыш станциясы" жолының 15-34 шақырымы учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Көлік құралдарының қозғалысына шектеу ақаулардың пайда болуына байланысты енгізілді. Ал жол қызметі адамдарды ақылы түрде тасымалдайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – делінген хабарламада.
Компанияның хабарлауынша, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ешқандай шектеулер жоқ. Ұлттық компания осы саладағы патрульдік қызметті күшейтуге және арнайы рейд ұйымдастыруға көмектесу үшін полицияға жүгінбек.