Әулиеата әкімі бағаның өсуіне жол бермей, жұмыс орындарын сақтауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысындағы аймақтық жедел штабтың отырысында азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігі, жұмыс орындарын сақтау да өзекті екендігі айтылды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

Жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің азық-түлік тауарының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыстарының нәтижесіздігі сынға алынды.
Бүгінгі таңда халықты алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – баға тұрақсыздығы. Сіз өзіңіз екі апта ішінде негізгі азық-түлік тауарларының құнының не себепті өсіп отырғанына талдау жүргізіп көрдіңізбе? Бағаның өсуі көптеген сауда желілерінде байқалуда. Басқа өнімдер туралы айтпағаннын өзінде, ең болмағанда тұз бағасын ұстап тұра алмаймыз. Құрылған мобильдік топтардың жұмысы сәтсіз жүргізілді, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы орынбасары Нұржан Календеровке прокуратура және монополияға қарсы қызмет қызметкерлерімен бірігіп,  азық-түлік бағасының көтерілу себебін тексеруді тапсырды. Полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов 25 блок-бекеттің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қосымша қаржы бөлуді өтінді. Ол қаржы тепловизор алу, бетон блоктар және жол белгілерін орнату мен жарықтандыру үшін қажет көрінеді.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев 5 ауданда маска дайындайтын шеберхана ұйымдастырылғанын, бүгінде оларда 17,8 мың бірлік маска тігілгенін хабарлады. Дегенмен төтенше жағдайда бұл жеткіліксіз екендігін айтты.

Бердібек Сапарбаев инфекцияның өршуіне байланысты енгізіліп жатқан шектеу шаралары азаматтардың табысы мен экономикаға кері әсер етіп жатқанын атап өтті. Әйтсе де, бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көрсетілуде. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдар, мұқтаж адамдарға қаржы беру үшін қажетті құжаттарды шұғыл рәсімдеуге көмектесу керектігін айтты.

Біздің басты міндетіміз – күннен-күнге өршіп келе жатқан жұқпалы ауруды ауыздықтау, өзіміздің азаматтардың денсаулығын барынша қорғау. Біз мұндай жағдайда жұмыс орындарын сақтап, бағаның шарықтауына жол бермеуге тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың өмірінде қалыптасып отырған қиындықтарды барынша еңсеруіміз керек. Облыс тұрғындарынан бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, қолға алынып жатқан шектеулер мен шараларға түсіністік танытуды сұраймын. Олар сіздердің және сіздердің жақындарыңызды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде осындай күрделі жағдайда қолға алынып жатқан барлық шаралар сіздер түсіністік танытқан және қолдаған жағдайда ғана тиісті нәтижесін береді. Егер мемлекет, қоғам, азаматтар бірлесіп әрекет жасайтын болса, бұл қиындықты да еңсереміз. Билік осындай қиын сәттерде өзінің шұғыл және дәл шешімдер қабылдай алатынын, азаматтарға нақты көмек қолын соза алатынын көрсетуі тиіс. Аудан әкімдеріне көп нәрсе байланысты, олар аз ұйықтап, бар күш-жігерлерімен жұмыс жасаулары қажет, – деген әкім штаб отырысын қорытындылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы