Үлескерлермен жұмыс істеуге құқығы жоқ құрылыс компаниялары анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Елордада 31 құрылыс ұйымы құрылыстың бастапқы сатысында тұрған және үлескерлердің қаражатын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ компаниялар тізіміне енді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Төменде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәміле (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты) жарамсыз болып саналады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз қаражатыңызға сақ болуды сұрайды. Рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алуды кеңес етпейді.
«Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген.
Туындаған сұрақтар бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 8 мекенжайы бойынша орналасқан «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-ге жүгінуге болады.
Байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-04-30.
Үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың тізімімен мына жерде танысуға болады.