Үлескерлердің құқықтары қалай қорғалады?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ-да өткен брифингте үлескерлерді қорғаудың жаңа бағытын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол “Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” 2025 жылғы 30 маусымда қабылданған ҚР заңы арқылы жүзеге асырылады.
Бірыңғай оператордың кепілдігі — үлескерлердің құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігі болып табылады. Ол “Қазақстан тұрғын үй компаниясы” АҚ арқылы жүзеге асырылады және құрылыс салушының дефолты жағдайында нысанның аяқталуын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
Бақытжан Жүнісбеков бірыңғай оператордың кепілдігін беру қалай орындалатынын атады.
Құрылыс салушы мен уәкілетті компания кепілдік алу үшін Қазақстан тұрғын үй компаниясына жүгініп, жобаның заңдық тазалығын, экономикалық орындылығын және тараптардың қаржылық тұрақтылығын растайтын қажетті құжаттар пакетін ұсынады, - деді ол.