Үлескерлерден заңсыз ақша жинамақ болғандар айыппұл арқалады

Атырауда 10 құрылыс компаниясының заңсыз әрекеті әшкереленді. Қала аумағында көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқандар үлескерлерден ақша жинамақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Компаниялар салымшылардың қаржысын жинау үшін арнайы рұқсат құжаты болмаса да жарнама жасап, қаражат жинамақ болған. Бұл заңсыздықты Атырау қаласының прокурорлары анықтады. Сөйтіп құрылыс компанияларының бұл жұмысын тоқтатты. Онымен қоймай әкімшілік жауапқа да тартты. Серіктестіктерге 10,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Прокурорлардың қадағалау актісімен кінәлілер ҚР ӘҚБ туралы кодекстің 320-бабы, 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға айыппұл салынды. Тұрғындардың сан соғып қалмауы үшін айтарымыз, қандай да бір үйге ақша салар алдында құрылыс салушының лицензиясын, жер теліміне құқық белгілейтін тиісті құжаттарын, сондай-ақ құрылысқа рұқсаты бар-жоғын мұқият тексеріп алу керек. Жалпы үлескерлердің құқықтарын қорғау прокуратураның қызметіндегі басты бағыттарының бірі, - дейді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Какиев. 

Айта кетсек, қазір Атырау қаласында 35 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Олардың денінде, яғни 20-сында үлескерлерден қаржы жинайтын құқығы жоқ. Себебі рұқсат құжаттары түгел емес. Ал 15-інде рұқсат бар. 

Бұған дейін Атырау облысы бойынша құрылыс жүргізіп жатқан кооперативтерге 478 адам салым салып, нәтижесінде алданған. Тұрғындар 4,7 млрд теңгеден астам шығын көрді. Прокурорлар бірнеше баспана жерін сот арқылы халыққа қайтарып берді. Сол арқылы қараша инвестор арқылы үй құрылысын жалғастыруға мүмкіндік алды. Одан бөлек инвесторлар арқасында ақшасының басым бөлігін қайтарып алғандар да бар. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы