Үлескерлер әкімдік алдына неге жиналды?
Баспанасыз қалған 30-ға жуық тұрғын Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына жиналып, әкімнің шығуын талап етті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысында жүзден астам тұрғын осыдан екі жыл бұрын баспана алу үшін құрылыс компаниясына қаржы салып, ақырында алданып қалған. Қазір олар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Жиналғандардың дені бір және екі бөлмелі пәтерге ақша салып, үлескер болған. Енді олар я баспанасын, я салған ақшасын ала алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр. Үй салып беруге уәде берген «Safina.kz» кооперативінің басшысы тұрғындардан ақша жинап алып, құрылысты аяқтамай кеткен. Одан кейін инвестор болған «АқтөбеКазахФинанс» ЖШС-ның директоры да өз мойнына алған құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Қазір бұл екі компанияның басшысы тергеліп жатыр. Ал тұрғындар бірнеше жылдан бері баспанасын ала алмай пәтер жалдауға мәжбүр. Олар осы мәселеге өз наразылықтарын білдіріп, әкімге өз шағымдарын айтуға жиналды.
Өткен жылы желтоқсанда осы үйден бір бөлме пәтер алу үшін 5 миллион 800 мың теңге төледім. Содан бері құрылыс еш қозғалған жоқ, тек іргетасы ғана тұр. Екі компания басшысы да уәдесінде тұрмады. Біздің мұнда келген талабымыз үйімізді салып берсе екен дейміз. Қазір отбасыммен айына 130 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Екі балам бар. Өзім Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс жасаймын, — дейді үлескерлердің бірі Азамат Болатұлы.
Ал қала тұрғыны Роза Анарова әкімдік алдына ұлының орнына келіпті. Ұлы осыдан екі жыл бұрын пәтер алу үшін компанияға 5 млн теңге ақша салған.
Көп адам компанияға 5-6 миллион теңгеден қаржы салған. Жобаға сәйкес үй бес қабатты болса, бізге кооператив басшысы алтыншы қабаттан пәтер сатқан. Алтыншы қабаттан пәтер алуға 16 үлескер ақша салған екен. Қазір сол бәріміз не істерімізді білмей жүрміз. Үй де жоқ, ақшамызды да ала алмаймыз. Біздің пәтеріміздің жалпы ауданы — 54 шаршы метр, бір бөлме, — дейді ол.
Әкімдік алдына келген үлескерлер тұрғын үйдің екі корпусына қаржы салған. Қазір бір корпустың құрылысы тоқтап тұр, ал екіншісінің қабырғасы мүлдем тұрғызылмаған.
Тұрғындармен кездескен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев бұл мәселеге байланысты алдағы аптада комиссия отырысы өтетінін жеткізіп, үлескерлердің бір тобын осы жиынға қатысуға шақырды.
Салымшылардың салған қаражаттарын құрылыс барысына енгізу, қайтару және басқа да сауалдар келісімшартта көрсетілген. Жалпы, құрылыс салушы мен салымшының арасында келімшарт бар. Сонда арнайы бөлімдері, пунктері бар. Мәселе осы келісімшарт негізінде реттеледі. Біз бүгін тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Қазір тиімді жолды анықтау үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық комиссия құрылды. Осы комиссия құрамына барлық органдардың, мемлекеттік мекемелердің басшылары енгізілген. Алдағы аптада комиссияның отырысы өтеді. Бұл мәселе бізге бұрыннан мәлім. Үлескерлердің мәселесі енді осы комиссия аясында ғана шешіледі, — дейді Айдос Хамиев.
Ал Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, қазір тұрғындар ақша салған 3-корпустың құрылысын жүргізуге «Сәулет құрылыс-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ниет білдіріп отыр.
Серіктестік басшысы Жанат Нұрғалиев минималды сомма — 250 миллион теңгемен құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниет білдіріп отыр. Негізі, үлескерлер бар ақшасын «Safina.kz» кооперативіне салған, бұл компания міндеттемелерін толығымен аяқтамаған. Ал енді құрылысты жалғастыру үшін тұрғындар тағы ақша жинап беруге келіссе, кәсіпкер үйдің құрылысын аяқтап береді. Бұл тек 3-корпустың құрылысы. Ал 4-корпусты салуға инвестор іздеп жатырмыз. Бұл жерде мәселе мынада: үлескерлер құрылысты аяқтау үшін тағы қаржы шығарғысы келмейді, ал инвесторлардың ақшасы жоқ. Сондықтан бұл үйдің құрылысы осылай ұзаққа созылып отыр. О баста екі тарап келісімшартқа қол қойған, сондықтан бұл мәселе сот арқылы шешіледі. Қазір екі құрылыс компаниясының өкілі тергеліп жатыр. Осы орайда біз облыс тұрғындарын осылай қаржы салып, алданбауға шақырамыз. Қазір біздің өңірде баспанасына қол жеткізе алмай жүрген 550-ге жуық үлескер бар. Олар жалпы саны 11 тұрғын үйге ақша салған. Оның ішінде төрт үйдің құрылысы қазір жүргізіліп жатыр. Оларды жеке инвесторлар салуда. Дегенмен жыл аяғына дейін бұл үйлер пайдалануға беріледі деп нақты айта алмаймыз, — дейді ол.
Үлескерлердің ендігі үміті — ведомствоаралық комиссияда. Дегенмен комиссияның қандай шешім шығаратыны белгісіз.