3 Қыркүйек 2026, 11:41 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты

Костенко 2025 жылғы 8 қарашаға дейін қираған бөліктен көзге көрінетін жарық байқамағанын, ал Ұлдана Мырзуанға кондиционер блогы түскен болуы мүмкін екенін айтты.

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер Константин Костенко жауап берді. Ол осы үйде 2020 жылдан бері тұратынын және ғимаратты оның құрылысы кезінде инженерлік желілерді жүргізген кезінен білетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Костенконың айтуынша, ол үйдің ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың жұмысына қатысты тұрғындардың тарапынан немқұрайлылық немесе міндеттерін тиісінше орындамау туралы шағымдарды естімеген. Керісінше, оның үйдің мәселелеріне белсенді араласқанын атап өтті.

Ол үнемі бір нәрсе жасайтын. Бізде үйге бейжай қарамайтын тұрғындардан құралған топ бар. Ол бізге үнемі хабарласып, мынаны да, ананы да жасайық деп айтатын, – деді куәгер.

Костенконың сөзінше, 2025 жылғы 8 қарашаға дейін үйдің кейін кірпіш қаптамасы құлаған бөлігінде көзге көрінетін жарықтарды байқамаған. Оның айтуынша, тұрғындар үйдің күнделікті көрінетін бөлігін көбірек пайдаланғанымен, қирау болған солтүстік-батыс жаққа жиі бара бермеген.

Біз 100 метр жерді көретін сұңқар емеспіз. Үйдің биіктігі шамамен 27 метр. Егер жарықтарды көрген немесе олардың бар екенін білген болсақ, бинокль алып қарап шығатын едік. Бірақ үйдің жағдайы осындай болады деп ойлаған жоқпыз, – деді ол.

Куәгер өзін инженер-құрылысшы екенін, мамандығы су құбыры, кәріз және инженерлік желілерге байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, фасадтың қираған солтүстік-батыс бөлігі жел, жаңбыр және қардың әсеріне көбірек ұшыраған.

Сотта Костенко оқиға болған күнді де еске алды. Оның айтуынша, 8 қарашада үйде болған кезде терезесінен шаң көтерілгенін көрген. Сыртқа шыққанда жедел жәрдем келгенін, кейін шамамен 8-10 минуттан соң ТЖ қызметі келгенін көрген.

Мен өзім барып көрдім. Сол кезде қаптаудағы кірпіштің құлағанын көрдім, – деді куәгер.

Костенко қираған жерді көрген кезде құрылыс кезінде кірпіштің бекітілуіне қатысты мәселелер болғанын байқағанын айтты. Оның сөзінше, сыртқы қаптаудағы кірпіштің қабырғаға бекітілу тәсіліне және кей жерлердегі ерітіндіге қатысты сұрақтар туындаған.

Сонымен қатар ол көршілес коммерциялық ғимараттың орналасуына назар аударды. Куәгердің пікірінше, ғимараттардың арақашықтығы мен қираған жақтың жел, жаңбыр және қар әсеріне ұшырауы фасадтың жағдайына ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл тұста Костенко өз пікірін инженер ретнде болжам ретінде келтірді.

Сотта Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты да сұрақ қойылды. Костенко фельдшердің үстіне кондиционердің сыртқы блогы құлағанын айтты. Алайда сот нақтылаған кезде ол бұл сәтті өзі көрмегенін мойындады.

Өзім көрген жоқпын. Мен тек логикалық қорытынды жасадым. Бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан алдым, – деді куәгер.

Костенко сондай-ақ 2017 жылғы техникалық қорытынды туралы бұған дейін білмегенін айтты. Оның сөзінше, бұл құжатты кейін ғана көрген. Қорғау тарапының сұрағына жауап бере отырып, ол егер үйдің техникалық жағдайына қатысты елеулі мәселе болса, мұндай құжаттармен мамандарды алдын ала таныстыру қажет деп санайтынын айтты.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.