Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта альпинист жауап берді
Куәгер 2021 жылы үйдің фасады толық тексерілмегенін айтты
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер Станислав Тимуш жауап берді. Ол 2021 жылы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің фасадында жүргізген жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Станислав Тимуштың айтуынша, ол өнеркәсіптік альпинизммен 2012 жылдан бері айналысады. 2021 жылы оған оқиға болған үйдің төрағасы хабарласып, фасадтағы жекелеген ақауларды жөндеуді тапсырған.
Маған осы тұрғын үйдің төрағасы қоңырау шалып, фасадта сылауды қажет ететін жерлер бар екенін айтты. Бізге негізінен техникалық қабаттағы жарықтар көрсетілді. Кей жерлерде кірпіш бос болды, – деді куәгер сотта.
Оның айтуынша, жұмыс тек көрсетілген учаскелерде жүргізілген. Фасадқа толық техникалық тексеру жасалмаған.
Толық тексеру жүргізген жоқпыз. Жақсылап тексеру үшін ғимараттың бүкіл периметрі бойынша түсіп, фасадты түгел қарау керек. Бізге қай жерлер көрсетілді, сол жерлерде ғана жұмыс істедік, – деді Тимуш.
Куәгер 2025 жылғы 8 қарашада кірпіш қаптамасы құлаған үйдің бөлігінде өзі жұмыс істемегенін нақтылады. Оның сөзінше, бұл учаске оған проблемалы аумақ ретінде көрсетілмеген.
Тимуш жұмыс барысында кейбір жерлердегі кірпіштің өте бос болғанын, бір учаскеде оны қолмен алып тастауға болатындай жағдайда болғанын айтты. Жарықтарды сыртқы жұмыстарға арналған арнайы материалмен сылаған. Оның түсіндіруінше, бұл жаңбыр мен басқа да сыртқы факторлардың әсерінен кірпіштің әрі қарай бұзылуына жол бермеу үшін жасалған.
Сонымен қатар куәгерге үйдің 2017 жылғы техникалық қорытындысы көрсетілмегенін айтты. Оның сөзінше, жұмыс басталар алдында оған қандай да бір құжаттар ұсынылмаған.
Сотта қорғау тарапы Тимуштің тергеу кезіндегі жауабына қатысты нақтылау сұрақтарын қойды. Куәгер сол кезде де тек өзіне көрсетілген проблемалы учаскелерде жұмыс істегенін растады. Ал фасадтың қалған бөлігін толық тексермегенін айтты.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сот отырыстары ашық форматта өтіп жатыр.