1 Қазан 2026, 15:13 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ұлдана Мырзуан ісі: Адвокат сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат берді

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот отырысында сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат жасады. Ол құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берілген шағымның қаралу нәтижесін сотта зерделеуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, бұған дейін сот отырысында қорғау тарапы құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға шағым түсірілгенін мәлімдеген. Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап өкілінің осы қаулыға қатысты шағымын Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қараған.

Нұрсұлтан Орынбеков бұл мәселенің қылмыстық іс үшін маңызы бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 99-бабына сәйкес, қылмыстық процеске қатысушылар істің мән-жайларын анықтау үшін процестік әрекеттер жүргізу және шешімдер қабылдау туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай өтінішхат процестің кез келген сатысында, соның ішінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін де берілуі мүмкін.

Сонымен қатар адвокат Қылмыстық-процестік кодекстің 383 және 385-баптарын негізге алды. Бұл нормаларға сәйкес, сот тергеуі аяқталғаннан кейін тараптар жаңа дәлелдемелер ұсынуға және сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат беруге құқылы. Ал сот жарыссөзі кезінде іс үшін маңызды жаңа мән-жайлар анықталса, сот тергеуді қайта бастай алады.

Адвокаттың пікірінше, тергеу судьясының шағымды қарау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ оған қатысы болуы мүмкін тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне құқықтық баға беруге ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Орынбеков соттан Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат жасады. Сондай-ақ ол тергеу сотынан шағымды қарау нәтижелері туралы мәліметтер мен тиісті сот актісін сұратуды өтінді.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.

Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.