Ұлбосын Айымбетова: Қазақ халқы отаршылдық санадан арылып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі адамзат дамуында әрбір ұлттар мен ұлыстар өздерінің бірегейлігін сақтауға ұмтылу үстінде. Осыған орай, қазақ халқы да бірнеше жүз жылдық бойы отаршылдық санадан арылып, өздерінің төлтума мәдениетін қайта жаңғыртуға үздіксіз түрде бет бұрып келеді.
Философия ғылымдарының PhD докторы Ұлбосын Айымбетова мемлекетіміздің бүгінгі даму стратегиясы ретінде қабылданған "Рухани жаңғыру", "Мәңгілік Ел" идеясы сияқты болашаққа бой сермейтін мұраттар деп бағалайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық рухтану деңгейін сезінудің өзіндік тарихи үлгісін барша халыққа ұсынды. Ол биылғы жылдағы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын және Абайдың 175 жылдығы сияқты маңызды шараларды салтанатты түрде атап өтіп, басқалай мемлекет бюджетіне шығын келтіретін істерді азайтуды талап етті. Ел басшысы осы тұста "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты заман талабына сай өзінің іргелі мақаласын жариялады. Ол тек теориялық түрде ғана емес, нақты тәжірибелік мақсаттарды күн тәртібіне қоя отырып, бабамыздың 175 жылдығын әлемге паш етіп атап өту жөнінде арнайы комиссия құрылғандығын жариялады. Аталған мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи сананың тереңнен тамыр тартатындығына тоқтала келе, еліміздің дамуының перспективті бағдары өткен өміріміздегі данагөй тұлғалармен тығыз байланысты екендігін айқын мәлімдеді. Ол "Ұлттық болмыстың үлгісі", "Мемлекет ісінің мүдделесі", "Жаңа қоғамның жанашыры", "Әлемдік мәдениеттің тұлғасы", "Торқалы тойдың тағлымы" атты бөлімдерінде Қазақ халқының даналығының түйінін қысқаша түрде баяндап берді және оның рухани мұраларының болашақ ұрпақ үшін игілікті екендігін қазақ тілінде дәйектеген. "Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы...". Президентіміз ұрпақтар сабақтастығы арқылы ұлттық бірегейліктің сақталу технологиясын жариялады, - дейді Ұлбосын Айымбетова.
Сондай-ақ, ол бұл мақалада қазақ және Қазақстан халқының өркениетті, бейбітшілік мақсатта дамуына деген өзіндік шынайы ниеттің жатқанын айтты.
Сонымен қатар, "Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын", деп тұжырымдаған автор бұл ниетті ойды тек өткен заман ғана емес, қазіргі қоғам дамуының заңдылығына негіздеп берген сыңайлы. Ойшыл тек қазақ қоғамы ғана емес, жалпыадамзаттық дамудың үлгісін көрсетіп берді. Эволюция мен адамзат дамуының заңдылығы қашанда руханияттық деңгейде өркендей беруі үшін алғышарт қана емес, жан-жақты дамуының негізі екендігі күмәнсіз. Аталған мақалада Ел басшысының Абай ілімдеріне талдау жасағандығынан оның еңбектерімен жете таныс екендігі анық байқалады. Мақала авторы Абайдың туған даладағы топырағына құрметпен қарай отырып, әрбір қазақ даласының жері мен табиғатының тамаша жетістіктермен тағайындалғанын паш етіп, елін сүйгіштік әрбір кезеңде тек радикалды ұлтшылдықпен өлшенбейтіндігін, бірақ ұлттық кодтың параметрлері – ана тілі, салт-дәстүрі мен діні арқылы орайласып жату керектігін осы мақаладағы идеялары арқылы атап өтті. Өз кезегіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған ой-пікірлері қазақ және Қазақстан халқының өркениетті, бейбітшілік мақсатта дамуына деген өзіндік шынайы ниетті іспеттес. "Абай мұрасы біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық", деп атап көрсете отырып, өткен заман тек тарихи айғақтар ғана емес, болашаққа бой сермейтін тарихи құндылық екендігі туралы өз ойларын тиянақтады, - дейді философия ғылымдарының PhD докторы Ұлбосын Айымбетова.