"Уланған жоқ". Пойызда көз жұмған баланың анасы нақты себебін атады

Лагерьге барар жолда пойызда қайтыс болған баланың анасы Тамара Цаплина баласының уланудан емес кеуде қуысындағы аорта тамыры жарылып кеткендіктен қаза болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар Святославтың бала кезінен ауыратыны, қантамырлары әлсіз болғаны анықталды. Бұл туралы "SENIM.ADAL.KOMEK" қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Сандуғаш Кукенова Facebook-тегі парақшасында мәлім етті. 

Кеше "Атырау-Астрахань" пойызында Святослав Цаплиннің қайтыс болуы дерегі бойынша жағдайды білдік. "Атырау-Астрахань" теміржол бағыты бойынша "Қазақстан геологы" санаторийіне (Железноводск) жолға шыққаннан 1,5 сағаттан кейін балалардың біреуі өзін нашар сезініп, жедел жәрдем шақырылған. "Нарын" станциясына келген жедел жәрдем баланың қайтыс болғанын анықтаған. Анасы Тамара Цаплинаға көңіл айтып, Святославтың бала кезінен ауырғанын естідік. Әрине, өкінішті жағдай, аз қамтылған, көпбалалы анаға ауыр тиді. Қайтыс болған баланың отбасына көмек көрсеткендеріңізге Алла разы болсын, - деп жазды Кукенова.

Қайтыс болған баланың анасы Тамара Цаплина баласы Святослав уланудан емес кеуде қуысындағы аорта тамыры жарылып кеткендіктен қаза болғанын айтты. Сондай-ақ ол көмек қолын созған барша халыққа алғысын айтты.

Мен 7 тамызда пойызда кетіп бара жатып қайтыс болған Святослав Цаплиннің анасымын. Адамдар оның уланудан қаза болғанын айтып жатыр. Жоқ, бұл улану емес. Ал шын мәнінде оған бала кезінен диагноз қойылған. Яғни оның қантамырлары өздігінен жарылып кете беретін. Сол себепті оған кеуде қуысы аорта тамыры жарылды деген диагноз қойылды. Мен қала әкіміне, облыс әкіміне маған көрсеткен моральдық және қаржылық көмегі үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар маған қаржылық көмек жасаған бүкіл Атырау қаласына алғыс айтамын. Облыс әкімі бізге автобус бөлді. Қажетті көмектің барлығы берілді. Бізге көмек көрсеткендердің барлығына рахметімді айтамын. Ешкімге қоятын арыз-талабым жоқ. Өмірде түрлі жағдай болатынын түсінемін. Бұндай жағдай әр отбасында болуы ықтимал, - деді ол.

Еске салсақ, 7 тамызда № 625 «Атырау-Астрахань» бағытындағы пойызда 2010 жылы туған бала көз жұмғаны хабарланды. 

Қайғылы оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ қазіргі уақытта бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы