Ұландықтар жоғалған қызды анасына қайтарды

Елордада күнделікті қала тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Есіл ауданында патрульдік-бекеттік қызметке шыққан 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері қырағылығымен көзге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кешкі сағат 21:30 шамасында Орынбор көшесінде қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Бөкейхан Сахынбек мен патрульдеуші қатардағы Қайыржан Жанұзақов қараусыз жүрген кішкентай қызды байқап қалған.

Әскери қызметшілер баланы көрген сәтте-ақ оның жағдайын сұрастырып, мән-жайды анықтауға кірісті. Анасынан көз жазып қалған кішкентай Маша есімді қыз қорқып қалғандықтан, онымен жылы сөйлесіп, тыныштандырғаннан кейін ата-анасын іздеу жұмыстары дереу ұйымдастырылды.

Орынбор көшесіне қызметте жүргенімізде қараусыз қалған баланы байқап қалдық. Анасынан көз жазып қалған қызға жақындап, мән-жайды сұрап болған соң тез арада іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық, - деді қатардағы Бөкейхан Сахынбек.

Қызмет барысында қырағылық танытқан ұландықтар араға небәрі 15 минут салып баланың анасын тауып, оларды қайта қауыштырды. Қызын аман-есен тауып алған ана өз кезегінде әскери жасаққа алғысын айтып, ұландықтардың қиын да жауапты қызметіне сәттілік тіледі.

Бұл оқиға ұландықтардың жоғары жауапкершілігін, қырағылығы мен кәсіби шеберлігін тағы бір дәлелдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы