Ұландықтар өзенге батып бара жатқан адамды құтқарды
Ұландықтар өзенге батып бара жатқан адамды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері батылдық танытып, өзенге батып бара жатқан адамды құтқарды.
Оқиға Сырдария өзенінің жағасында кешкі уақытта болған. Ер адам жағада келе жатып аяғы тайып, суға құлап түсті. Алайда ағыстың күші қатты болып, оның жағаға шығуына жол бермеген.
Осы уақытта 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері — сержант Мұрат Түсекеев пен кіші сержант Жамбыл Таңсықбай сол маңда болған. Олар ер адамның көмек сұрап айқайлағанын естіп, дереу көмекке келеді.
Біз жағада серуендеп жүргенде, "Құтқарыңдар!" дегенді естіп, оқиға орнына жүгіріп бардық. Өзеннің ағынымен кетіп бара жатқан ер адамды көрдік. Тұншығып, тырмысып жатыр екен. Мұрат дереу арқанға жүгірді, соның көмегімен әлгі ер адамды судан шығардық, — дейді кіші сержант Жамбыл Таңсықбай.