Ұландықтар екі азаматтың жоғалған телефондарын қайтарып берді
Ұлттық ұланының әскери қызметшілері елорданың Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында жауапкершілік пен қырағылықтың жоғары деңгейін тағы да танытты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
М. Жұмабаев көшесін патрульдеу кезінде "Uly Dala Plaza" бизнес-орталығының жанында әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Арман Қадырұлы мен патрульдеушілер қатардағы жауынгерлер Ерасыл Төлеген мен Бекнұр Аяшов жерде жатқан "iPhone 14 Pro Max" маркалы смартфонды тапты.
Табылған затты әскери қызметшілер дереу патрульдік топтың бастығына хабарлап, иесін іздеуге кірісті. Көп ұзамай телефон иесі табылып, ұландықтар оған жоғалған мүлкін қайтарып берді. Азамат әскери қызметшілерге жедел және үйлесімді іс-қимылдары үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Сол күні қатардағы жауынгер Құрбанәлі Наурызбай мен патрульдік қатардағы жауынгер Сембі Ақылбекпен құралған тағы бір әскери жасақ табылған "Samsung A51" смартфонын иесіне қайтарып берді.
Телефон "Жерұйық" саябағындағы патрульдеу бағытында табылды. Әскери қызметшілердің жедел іс-қимылдарының арқасында телефон жоғалғаннан кейін көп ұзамай заңды иесіне қайтарылды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жоғары кәсібилігін, өз ісіне адалдығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, абыроймен қызмет етуді жалғастыруда.