Ұландықтар бір сағатта екі қылмысты ашты
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда ұлттық ұлан жауынгерлері бір күнде екі тәртіп бұзушылықтың алдын алды.
Атап айтар болсақ, 30 маусым күні Қостанай қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі сарбаздары қырағылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Кеше кешкісін сағат 18:15-те облыс орталығындағы ірі ойын сауық орталығының жанында ішімдікке сылқия тойып алған 1992 жылғы азаматтан күдіктеніп, құжаттарын тексеру мақсатында тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Қырағылық танытқан жас сарбаздар аталмыш қала тұрғынын мәліметтер базасынан тексеру барысында оның осыдан бір апта бұрын тұрғын үйлердің ауыласынан велосипед ұрлап, ұстатпай жүргені анықталды.
Күнделікті бекітілген тәртіпке сәйкес біз қаладағы өзімізге берілген бағыт бойынша қызмет атқарып жүргенде кездескен мас адамның жүрісі күдік туғызды. Содан оны тоқтатып, тәртіпке сай құжаттарын тексергенде онық ұрлық жасағаны үшін күдікті ретінде іздеуде жүргені анықталды. Сол арада күдікті азамат өзі жасаған ұрлығын мойындап, түсінік берді, - дейді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Олжас Қабдыбеков.
Қостанай қаласының полиция департаментінде аталмыш оқиға бойынша тәртіп бұзушының үстінен іс қозғалыпты.
Араға бір сағат салып Қостанай қаласының адамдар көп жүретін қоғамдық орында бір-біріне жұдырық жұмсап, жаға жыртысып жатқан екі бұзақы азаматтың оғаш қылықтары жас сарбаздардың назарына ілігеді. Бірден оқиға орна жетіп, мән-жайды анықтауға кіріскен ұлттық ұланның сарбаздары екі азамат арасында келіспеушіліктің салдарынан мәселелерін жұдырықпен шешуді жөн санағанын анықтайды.
Біз қаланың қақ ортасында бір-бірін аяусыз соққының астына алып жатқан екі азамат туралы шұғыл ақпарат алдық. Іле шала оқиға болған жерге жетіп, қоғамдық орында тыныштық бұзғандарды бірден ұстап алдық, - дейді кіші сержант Рустам Ақтанов.
Белгілі болғандай қала орталығында тәртіп бұзушыларды сарбаздар полиция қызметкерлеріне тапсырыпты. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 170 бабы, 1 -тармағы бойынша «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» іс қозғалып, тергеліп жатыр.