Ұландықтар батыс өңірінде су тасқынына қарсы күресіп жатыр
Су тасқынының екінші толқынына қарсы іс-шараларға еліміздің төтенше жағдай қызметкерлері мен қатар әскери құрылымдар оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлері де жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда Батыс Қазақстан және Атырау облысына Қызылорда, Шымкент, Қарағанды қалаларынан мыңға жуық Ұлттық ұлан қызметшілері жіберілген болатын.
Солардың бірі Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы Набиғазы Мақсат. Сарбаз үшін қаптың ауырлығы емес, ел алдындағы жауапкершіліктің жүгі маңызды.
Біз еліміздің батыс аумағында болып жатқан табиғи апатты естіген сәттен бастап жолға шыққан болатынбыз. Қазіргі уақытта осы аймақтағы бөгеттер тұрғызу жұмыстары мен қатар үйлерін су басқан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарымен шұғылданудамыз. Қазіргі таңда біз бұл табиғи апаттың екінші толқынының алдын алу үшін бар күшімізді салудамыз- дейді Мақсат Махмутұлы.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысының тұрғындары су тасқынының екінші толқының күтуде құм толтырылған қаптардан бөгеттер салып қамдануда.Сонымен қатар бүгінді таңда аталмыш аймақтарды 2000-ға жуық ұландықтар да қызмет атқаруда.
Жалпы, су тасқыны басталғаннан бері құқықтық тәртіп әскерлерінің 120-дан астам авиа және автомобиль техникасы тартылғанын атап өткен жөн. 1679 адам эвакуацияланды, инертті материалдары бар 960 мыңнан аса қапшық дайындалды және төселді, ұландықтар 244 тонна гуманитарлық көмекті түсірді, ал Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 138 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді.