Ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, сый-сияпат табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрмет қарауыл ротасы бастаған ұландық сарбаздар ардагер тұратын үйдің алдынан шеру жасап өтті. Аулада сап түзеген ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімділік оркестрі мен әскери қызметшілері соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, қарияны өз өнерімен тамсандырды.

5573 елордалық бригадасының командирі Аян Есжанов соғыс ардагерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан Жеңіс мерекесімен құттықтап, жылы лебізін арнады.

Рзағұл Байкешев құқықтық тәртіп әскері көрсеткен құрметке ризашылығын білдірді.

Біз ашаршылықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Фин соғысы жайында естіп өстік. Ал Ұлы Отан соғысы өзіміздің басымыздан өтті. Сондықтан көпті көрдік деп айта аламын. Бірақ біздің көргенімізді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Елеп-ескеріп келгендеріңізге көп-көп рахмет, – деді қан майдан көрген ақсақал.

Р. Байкешев 1923 жылдың 18 қарашасында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында өмірге келген. 17 жасында Қарулы Күштер қатарына қосылған. Ол Ресейдің Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Польша, Румыния, Венгрия елдерін азат етуге атсалысты. Ұрыс даласында жүріп ефрейтор шенін иеленді. Ол ерлігі мен батырлығы үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Маршал Г. К. Жуков» атындағы медальмен марапатталған.

Еске салайық, Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жалғасып жатыр. Оның аясында әскери бөлімдерде патриоттық және ерлік сабақтарын, ардагерлермен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда мерекелік іс-шаралар мен елордадағы Жеңіс шеруіне дайындық өткізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұлан
Өзгелердің жаңалығы