Ұландық жауынгерлер жол апатынан зардап шеккен адамды құтқарды
Алматы облысында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жол апатынан зардап шеккен адамды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ұландықтар жүргізушіні аударылған көліктен шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
2 қыркүйекте сағат 23.00 шамасында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің бақылау-өткізу пунктіне қарама-қарсы трассада «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін басқарған азамат темір тұлпарына ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанаға соғылады. Нәтижесінде, мыжылған көлік жолдан шығып аударылып қалады.
Сол сәтте жол-көлік оқиғасын байқаған бақылау пунктінің кезекшісі кіші сержант Дмитрий Бакбасаров 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырады.Одан кейін тез арада сол оқиға орнына қарай жәрдем көрсетуге жүгіреді.
Бірінші кезекте мен жүргізушінің жағдайы қалай екенін білдім, сұрағыма жауап бере алатын халде екен. Алайда темір тұлпардың шатыры мен қозғалтқышы арасына қысылып қалғандықтан, қиын жағдайда болды. Автокөліктен бензобағынан бензин ағып жатқанын байқаған соң, оны дереу көліктен шығару туралы шешім қабылдадым. Себебі өрт шығу ықтималдығы басым еді, - дейді кіші сержант Д.Бакбасаров.
Ұландық жауынгер жедел жәрдемнің келуін күтпей, сол маңдағы куәгерлермен бірге жүргізушіні көліктен шығарады.
Осы уақытта оқиға орнына әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы майор Абир Ермек те келіп жетеді. Әскери дәрігер зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жедел әрекеттерінің арқасында зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, зардап шеккен азамат дер кезінде ақ халаттыларға тапсырылды.