Ұландықтар Нұр-Сұлтанда өзенге секірген қызды құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері суға секіріп, өз-өзіне қол салғысы келген қызды судан шығарып алды. 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға, бүгін, 25 мамыр күні сағат 13.30 шамасында қала ортасындағы Есіл өзенінің бойында орын алған. Адам тығыз орналасқан аудан болғанына қарамастан ешкім судың бойындағы өзін ерсі ұстаған қызға көңіл бөлмеген.

Бойжеткен күтпеген жағдайда суға секіріп кеткен. Қуанышқа орай, жақын маңда жүрген елордалық ұландықтар оқиғаны байқап, тез арада құтқаруға кіріскен. 

Әскери жасақ бастығы қатардағы Илья Мащенко және патрульшілер қатардағы  Артем Григорьев пен Эрик Косян өзен бойында қызметте жүріп, қыздың суға секірген сәтін көріп қалған. Ойланатын уақыт жоқ. Жағдайды бағамдаған әскери жасақ лезде қызға көмектесіп, қатардағы жауынгер Эрик Косян суға секіріп, бойжеткенді алып шығады. Жағдайды нақтылай келгенде, 1995 жылы туған азаматша психологта тіркеуде тұрғаны белгілі болды. Бойжеткеннің өз-өзіне неліктен қол жұмсағысы келгені белгісіз, - делінген хабарламада.

Жоғары басшылық тарапынан әскери қызметшілер мадақтамаға ұсынылды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы