Ұлан сарбаздары Ақтоғай ауданындағы су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысты

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің сарбаздары су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта 50 әскери қызметші Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылында жұмыс істеп жатыр. Елді мекен маңындағы өзен арнасынан шығып, ауыл халқына қауіп төндіруі мүмкін. Жас сарбаздар қызыл судың ауылға кіруін алдын алуға атсалысып жатыр. Нақтырақ айтқанда, дамбы қазу және қапшықтарға инертті материал толтыру жұмыстарын жүргізуде.

Белгіленген жерге жете бергенде әскерилерді жеткізген әскери жүк көлігі әрі қарай өте алмаған. Сондықтан, сарбаздар жаяу жетуге мәжбүр болды. Ел басына күн туған сәтте, Ұлттық ұлан сарбаздары шет қалмай, су басқан аймақтарға қол ұшын беріп жүр. Кез келген жерге баруға әзір. Шолақсор елді мекенінде таң атқалы барын салып, қызыл суға тосқауыл болып жатыр. Жеке құрамнан тағы қандай көмек талап етілсе, ұландықтар бұған әрдайым дайын, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Бағдат Амангелді.

Шолақсор ауылы көктемгі су тасқыны кезінде бақылауға алынған елді мекендердің қатарында.

Жедел штабтың соңғы мәліметі бойынша өткен тәулікте облыс аумағында 100 мың текше метр қар суы сорылды. Қазіргі уақытта автокөлік жолдарының екі учаскесін су басқан. Сондай-ақ, ауылдарда су тасқынына қарсы 10 учаскесі жіті бақылауда. Бұл учаскелерде тасқынға қарсы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Облыс бойынша бұл шараларға 399 адам, 130 бірлік техника, 44 мотопомпа және екі жүзу құралы жұмылдырылды. Өткен тәулікте елді мекендер мен жолдарды судан қорғау үшін 4130 дана қапшық салынды. 2010 тонна инертті материал да төселді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан
Өзгелердің жаңалығы