Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Нямдоржбен Анхбаярмен кездесу өткізді, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Н.Анхбаяр саяси және экономикалық салалардағы моңғол-қазақ ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларына қысқаша шолу жасап, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап үш онжылдықтың ішінде Моңғолия мен Қазақстан арасында сақталып отырған сенімді де берік сипаттағы қатынастарды ерекше атап өтіп, моңғол тарапының екіжақты әрекеттесудің бүкіл спектріндегі мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.
Сұхбаттастың ойын қолдай, әрі өрбіте отырып, Ғ.Қойшыбаев өз кезегінде тараптардың күш-жігерін ынтымақтастықтың нақты бағыттарына шоғырландыруды, атап айтқанда екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру бойынша бірлескен келісілген қадамдарды жандандыруды, көліктік-логистикалық, аграрлық және өндірістік-инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. Осы орайда ол аталмыш салаларда практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін биыл күзде Ұлан-Батырда өткізілуі жоспарланған Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық жұмыстарын мұқият жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Биыл Моңғолияда өткізілетін Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы да бизнес топтар арасында тікелей іскерлік байланыстарды орнатуға ықпал ететін болады.
Тараптар қазіргі қолданыстағы халықаралық логистикалық инфрақұрылымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ халықаралық көліктік дәліздер арқылы екіжақты транзиттік жүктер мен жолаушылар тасымалының көлемін ұлғайту мақсатында екі елдің транзиттік әлеуетін белсенді пайдаланудың қажеттілігі туралы келісті.
Кездесу барысында халықаралық істердегі, оның ішінде көпжақты құрылымдардағы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара әрекеттесу мәселелері де талқыланды. БҰҰ, Азия кеңесі, ШЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде екі елдің бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетілудің маңыздылығы аталып өтті.
Бұдан бөлек, тараптар ҚР Елшілігі мен Моңғолияның СІМ өзара жұмыстық әрекеттесудің кейбір мәселелерін талқылап, тұрақты түрде ақпаратпен алмасуды жалғастыру және қазақ-моңғол ынтымақтастығының ағымдағы мәселелері бойынша тұрақты байланыста болу жөнінде уағдаласты.