Украинаға көмек мәселесі АҚШ пен ЕО арасында дауға айналды

The Economist басылымының мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың командасы Еуропалық Одақ елдерінің Украинаға қолдау көрсету бағытындағы әрекеттеріне наразы екенін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл наразылық әсіресе Ресеймен соғыс жағдайындағы Украинаға қаржылай әрі әскери көмек көрсету мәселесіне қатысты туындаған.

Журналистердің жазуынша, Ақ үйдің бірқатар әрекеттері Украинаға қолдаудан біртіндеп бас тарту үрдісін байқатады. Бұл тек Польшадағы Жешув қаласындағы негізгі әскери базадан америкалық әскерилердің шығарылуымен шектелмейді. Сондай-ақ Украина қорғанысы жөніндегі Контакт тобына қатысу деңгейі де төмендеп отыр.

Ең маңызды жайттардың бірі — АҚШ әкімшілігінің Украинаға 10 пайыздық базалық кедендік тариф енгізіп, ал Ресейге мұндай шектеулер қоймағаны. Сонымен қатар Пентагон өкілдері жақында өз одақтастарының біріне: “Неліктен Украинаға қару жеткізуді жалғастырып жатырсыңдар?” деген сұрақ қойғаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, Трамптың кейбір кеңесшілері жеке әңгімелерінде Еуропаның Украинаға көмектесу әрекеттерінен “жалыққанын” ашық білдірген.

Мұндай бейберекет әрекеттерімен танылған әкімшіліктің нақты саяси ұстанымын байқау қиын. Шын мәнінде бұл шулы фон ба, әлде шынайы сигнал ма — оны ажырату оңай емес, – деп жазады басылым тілшілері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: The Economist
Өзгелердің жаңалығы