Украинадағы отандастарымыздың бір бөлігі Польшаға өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украина – Польша шекарасында кептеліс туындаған. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуі бойынша украин тарапынан әр автобусты тексеруге бір сағатттай уақыт кетеді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ал кеше құзырлы мекеме шекарадағы өткізу бекетінде 49 қазақстандық мінген автобус пен Львов қаласынан шыққан 46 қазақстандық мінген тағы бір автобустың шекарада кезек күтіп тұрғанын хабарлаған еді. Киевтен аттанған тағы 79 жерлесіміз де шекараға жеткен. Осы Киевтегі елшілік тағы 60 адамды елге аттандыруға қам жасап жатқанын да хабарлаған.

Кейінгі ақпарат бойынша қазір Украиндағы қазақстандықтардың біразы Польша аумағына өткен. Бірақ нақты қанша адамның өткені әзірге белгісіз. Отандастарымыз Польшаның Катовице қаласының әуежайына жеткізіледі. Ол жерден «Эйр Астана» бортымен елге ұшып келуі тиіс.

Қазіргі таңда Польша мен Украинаның шекарасын алға жоспарланған репатриациялық рейстің жарты жолаушысы кесіп өтті. Тағы да екі автобус Украина тарапында тұр. Шекарадан өту кезегін күтіп отыр. Солар толығымен өткеннен кейін Катовице қаласының әуежайынан «Эйр Астана» әуе компаниясының репатриациялық рейсі біздің азаматтарды толығымен елге алып қайтады, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы