Украинада Үкімет қайта жасақталады: Зеленский премьердің отставкасын жариялады
Украина заңнамасына сәйкес, Үкімет құрамындағы мұндай өзгерістерді Жоғарғы Рада мақұлдауы тиіс.
Украина президенті Владимир Зеленский ел Үкіметінде ауқымды кадрлық өзгерістер жүргізілетінін мәлімдеп, премьер-министр Юлия Свириденконың қызметінен кететінін хабарлады.
Euronews-тің мәліметінше, әлеуметтік желідегі парақшасында Үкімет құрамын жаңарту қажеттігі туралы шешім қазіргі премьер-министрмен бірлесіп қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістер Украинаның саяси стратегиясын жаңартуға бағытталған.
Зеленский Юлия Свириденкоға премьер-министр қызметіндегі еңбегі үшін алғыс айтып, оның негізгі халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жаңа жауапты қызметке ауысатынын жеткізді. Алайда жаңа лауазымы мен болашақ премьер-министрдің кандидатурасы әзірге жарияланған жоқ.
Өз кезегінде Юлия Свириденко премьер-министр ретінде қызмет атқарғанын мақтан тұтатынын айтып, алдағы уақытта да Украина мемлекетіне қызмет етуге дайын екенін мәлімдеді.
Украина заңнамасына сәйкес, Үкімет құрамындағы мұндай өзгерістерді Жоғарғы Рада мақұлдауы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі саяси жағдайда парламенттің бұл шешімді қолдауы ықтимал.
Бұл мәлімдеме Ресейдің Украина аумағына жасаған кезекті шабуылдары аясында жарияланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Днепропетровск облысында жасалған соққылардан кемінде үш адам қаза тапса, Херсонда дрон шабуылынан тағы бір тұрғын көз жұмған.