Украинада тігілген киіз үй: СІМ Ресей өкіліне жауап берді
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Буча қаласында тігілген қазақтың киіз үйіне қатысты ресми түсініктеме беруге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Захарова Қазақстанның акцияға қатысы жоқ екеніне сенетінін айтты.
Қазақстаның ресми тұлғаларының назарын ғаламторда пайда болған ақпаратқа аударттық. Бізді кейбір БАҚ өкілдері жазып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынына және Қазақстанның билігі бұл акцияға қатыспағанына сендірді. Ресей тарапының жақын серіктесіне сенбейтіндей негізі жоқ. Бұған қатысты жақын күндері ресми түсініктеме күтеміз, - деп жазған Захарова.
Бұған еліміздің СІМ-нің өкілі Айбек Смадияров жауап берді.
Бұл Украина халқына көмектесуге бел буған қазақстандық меценаттардың жеке бастамасы. Біз бұл мәселеге түсініктеме бере алмаймыз, тыйым да сала алмаймыз. Елшілік бұл процеске қатысқан жоқ, - деді СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Сонымен қатар СІМ ресми өкілі бұл кәсіпкерлеріміздің таңдауы екенін атап өтті.
Ал орнатты дейік, онда тұрған не бар. Киіз үй көшпелі халықтың баспанасы ретінде қолданылып келген. Ол тез жиналып, жаңа орынға көшуге ыңғайлы. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлердің таңдауы киіз үйге түскен болар, - деді Смадияров.