Украина шекарасында тұрған 56 жүк көлігі Польша арқылы елге оралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3 наурызда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Сайлауұлы Камалиев пен Польша Республикасының инфрақұрылым және құрылыс министрі Анджей Адамчик телефон арқылы сөйлесті.

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар Ресей Федерациясы мен Украина Республикасы арасындағы қазіргі төтенше жағдайдың нәтижесінде жүк тасымалы саласында туындаған жағдайды талқылады.

Вице-министр Украинаның Беларусьпен, Ресеймен және басқа елдермен шекарасында тұрып қалған 56 жүк көлігіне қатысты алаңдаушылық білдірді және кейбір көлік жүргізушілері Польша аумағына бағыт ұстайтынын айтты.

Осыған байланысты, вице-министр Польша министрінен көлік құралдарының одан әрі маршрут бойынша жүру және кейіннен Қазақстанға оралу үшін Польша аумағы арқылы оларға кедергі келтірмей өтуіне көмек көрсетуді сұрады.

Өз кезегінде инфрақұрылым және құрылыс министрі Анджей Адамчик автокөлік құралдарын кедергісіз өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті және толығырақ ақпарат жіберуді сұрады.

Әңгіме қолайлы және достық түрде өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы