Украина Ресеймен бейбіт келісім үшін санкцияларды алып тастауға дайын – Bloomberg

Украина мен Еуропа елдері Ресейге қарсы санкцияларды біртіндеп алып тастауды көздейтін 12 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттіктің мәліметінше, құжат соғысты тоқтатуға және Украинадағы қақтығыстың саяси шешімін табуға бағытталған. Жоспарда атысты тоқтату, майдандағы позицияларды сақтап қалу, депортацияланған украин балаларын қайтару, тұтқындармен алмасу, сондай-ақ Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін алу сынды тармақтар бар.

Келісім іске асқан жағдайда Украина Еуропалық Одаққа кіру процесін жеделдету және соғыс кезінде келтірілген залалды қалпына келтіруге арналған қаржылай көмек алуы мүмкін.

Сонымен қатар, жоспарға сәйкес, Ресейге қарсы енгізілген санкциялар кезең-кезеңімен алынбақ. Ал Ресейдің Орталық банкінің шамамен 300 млрд долларлық мұздатылған резервтері тек Мәскеу Украинаны қалпына келтіруге атсалысуға келісім берген жағдайда ғана босатылады. Егер Ресей тарапынан жаңа шабуыл жасалса, санкциялар қайта енгізіледі.

Бұдан бөлек, Киев пен Мәскеу Украинаның оккупацияланған аумақтарын басқару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуі мүмкін, алайда Еуропа да, Украина да бұл аумақтарды ресейлік деп заңды түрде мойындамайды.

Жоспардың орындалуын қадағалау үшін АҚШ президенті Дональд Трамптың басшылығымен арнайы “Бейбітшілік кеңесі” құрылатыны болжануда.

Bloomberg атап өткендей, бұл жоспардың егжей-тегжейлері әлі де талқылану үстінде және өзгерістер енгізілуі ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы