Украина, Ресей және АҚШ келіссөздері аяқталды: Тараптар не талқылады?
Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған келіссөздері аяқталды. Екі күнге созылған кездесулерде тараптар әскери тұтқындар алмасу, Қара теңіздегі қауіпсіздік, энергетика және болашақтағы қауіпсіздік кепілдіктері мәселелерін қарастырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
11 қарашада өткен соңғы консультациялар екі сағатқа да жетпей аяқталған. Келіссөздердің аяқталғанын AFP агенттігі де Украина делегациясындағы дереккөзге сілтеме жасап растады.
AFP мәліметінше, Украина делегациясы АҚШ-тың араағайындығымен өтіп жатқан келіссөздерде алдымен соғыс қимылдарын тоқтату қажет екенін мәлімдеген. Украина тарапының пікірінше, Еуропадағы болашақ қауіпсіздік жүйесін тек содан кейін талқылауға болады. Алайда бұл мәселеде тараптардың ұстанымдары бір-бірінен алшақ.
Келіссөздердің алғашқы күнінде Киев пен Мәскеу қауіпсіздік кепілдіктері мен әскери тұтқындар алмасу мәселесін талқылаған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, тараптар тұтқындарды «1000-ға 1000» немесе «1500-ге 1500» формуласы бойынша алмастыру мүмкіндігін қарастырған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да келіссөздерді «өте нәтижелі» деп бағалады. Ал АҚШ-тың арнайы өкілі Джаред Кушнер Вашингтон тараптар арасындағы алшақтықты азайта алғанын мәлімдеді.
Аумақтық келіспеушіліктер әлі де сақталып отыр
Аумақ мәселесі келіссөздердегі басты түйткілдердің бірі болып қалуда. Мәскеу Украинадан шығыс өңірлердегі әскерін шығаруды талап етіп отыр. Бұл аумақтардың арасында әлі де Киевтің бақылауындағы жерлер бар.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей келіссөзшілері Мәскеу әскері Украинаның бақылауындағы Донбасс аумағының жартысын басып алды деп жалған мәлімдеген.
Ал Financial Times басылымының жазуынша, Еуропа елдерінің ресми өкілдері қырғи-қабақ соғыс кезеңінде болған әскери қақтығыстардың алдын алу тетіктерін қайта жандандыру мүмкіндігін талқылауға дайын.