Украина мен Ресей қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді қайта бастады
Кездесу 17–18 ақпан күндері InterContinental Geneva қонақүйінде жабық форматта өтіп жатыр.
Женева қаласында Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердің үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу 17–18 ақпан күндері InterContinental Geneva қонақүйінде жабық форматта өтіп жатыр. Келіссөздерге АҚШ өкілдері де қатысуда.
Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастап барды. Оның айтуынша, күн тәртібінде қауіпсіздік пен гуманитарлық мәселелер бар. Киев энергетикалық инфрақұрылымды қорғау үшін ішінара атысты тоқтатуға қол жеткізуді көздейді.
Ресей делегациясын РФ президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқарады. Құрамына сондай-ақ Ресей СІМ басшысының орынбасары Михаил Галузин және Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас барлау басқармасының басшысы Игорь Костюков енген.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздердің мазмұны жария етілмейтінін мәлімдеді.
Кездесу қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамп Киевті Мәскеумен мүмкіндігінше тезірек келісімге келуге шақырды.
Бұған дейін АҚШ-тың арағайындығымен өткен екі кезең Абу-Даби қаласында ұйымдастырылған болатын, алайда айтарлықтай нәтиже бермеген.