Украина мәселесі Иран соғысының көлеңкесінде қалмауы керек – Зеленский
Зеленский бұл мәселені кейінге шегермей, қатар қарастыру қажет екенін жеткізді
Владимир Зеленский Таяу Шығыстағы жағдай халықаралық қауымдастық назарын Украинадағы соғыстан басқа жаққа бұрып жібергенін мәлімдеді. Бұл туралы ол CNN арнасына берген сұхбатында айтты.
Украина басшысының пікірінше, елдегі соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер Ирандағы қақтығыс аяқталғаннан кейін ғана жалғасады деу – үлкен қателік.
Оның айтуынша, АҚШ-пен техникалық деңгейдегі келіссөздер жалғасып жатыр. Алайда Иран мәселесі шешілмейінше жоғары деңгейдегі кездесу өткізу мүмкіндігі әлі жоқ.
Зеленский мұны америкалық келіссөз жүргізушілер тобының екі бағытта қатар жұмыс істеуімен байланыстырды. Оның сөзінше, АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер Иран және Украина мәселелері бойынша бір уақытта келіссөздер жүргізіп жатыр.
Украина президенті АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жағдайға басымдық беруін түсінетінін, бірақ Украинадағы соғысты назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтты.
Ол Украина қазірдің өзінде үлкен трагедияны бастан кешіріп жатқанын айтып, бұл мәселені кейінге шегермей, қатар қарастыру қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ Зеленский Иран төңірегіндегі шиеленіс салдарынан Украинаға жеткізілуі тиіс кейбір маңызды қару-жарақ түрлері кешігіп жатқанын хабарлады. Әсіресе зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері жеткіліксіз көлемде беріліп отыр. Оның сөзінше, бұған АҚШ-тағы өндірістік қуаттың шектеулі болуы әсер еткен.
Еске салайық, бұған дейін Зеленский Вашингтонның Ресей мұнайына қатысты жеңілдігін сынға алған болатын. Оның айтуынша, Ресей санкцияларды айналып өту үшін «көлеңкелі флотты» пайдаланып, мұнай экспортын жалғастырып отыр.