"Уколдан" кейінгі өлім: Таразда екі адамға сот үкімі шықты
Таразда «Цефтриаксон» препаратын еккеннен кейін абайсызда адамның өліміне әкеп соққан жағдайға қатысты екі адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тараз қаласының № 2 соты абайсызда адамның өліміне әкеп соққан, процедуралық кабинетте осы қызмет түріне сертификаты мен лицензиясы жоқ бола тұра, заңсыз медициналық қызметпен айналысқаны үшін айыпталған сотталушы Ц.-ға және абайсызда адамның өліміне әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін айыпталған сотталушы И.-ға қатысты қылмыстық істерді қарады.
Белгілі болғандай, сотталушы Ц. 2013 жылы өз атынан жеке кәсіпті тіркеп, 2016 жылы Тараз қаласында инвазивті араласулар (көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне инъекциялар) жүргізу үшін емдеу кабинетін ашқан. Алайда сотталушының бұған заңды құқығы болмаған.
2025 жылдың ақпан айында осы процедуралық кабинеттің медбикесі (сотталушы И.) пациент А.-ны (жәбірленуші) қабылдап, оған анафилактикалық шоктың дамуына алып келген бұлшықет ішіне «Цефтриаксон» препаратын енгізген. Нәтижесінде азамат А. қалалық көпсалалы ауруханада қайтыс болды, - деп жазылған сот хабарламасында.
Сотталушы Ц. кінәсін мойындамай, соттан оны ақтауды сұрады. Ал сотталушы И. кінәсін толық мойындады.
Жәбірленуші (қайтыс болғанның жұбайы) бас бостандығын шектеуді және қосымша жазалар тағайындауды сұрады.
Сот сотталушы Ц.-ның жас балаларының болуын, ал И.-дың кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкініш білдіруін, бұрын сотты болмағанын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Сот үкімімен сотталушы Ц. ҚК 322-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оны 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласында жеке кәсіппен айналысу құқығынан айыра отырып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, - деді Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 1,2 млн теңге мөлшерінде материалдық зиянды өндіріп алды.
Сотталушы И. ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. «Рақымшылық жасау туралы» Заңды қолдана отырып, И. бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды. Сонымен қатар, сотталушы И.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 588 мың теңге мөлшерінде материалдық зиян өндірілді, - делінген хабарламада.
Сотталушы И.-ға қатысты үкім заңды күшіне енді.