Үкіметтің жұмысына баға күзде беріледі – қоғам белсендісі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғам белсендісі Асхат Қасенғали бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты осылай деп пікір білдірді.
Ол бүгінгі жиында біраз дүние айтылғанын, қарапайым халық үшін аса маңыздысы – азық-түлік бағасына қатысты тұсы екеніне тоқталды.
Себебі дүкенде, маркетте, базарда баға расымен шарықтап барады. Бүгін 1000 теңге тұратын зат, апта соңында 1200 теңге тұруы мүмкін. Бұл тұрғындардың қалтасына үлкен соққы. Тоқаев: «Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2%-ға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80%-ға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ» деп шынын айтты, - деп атап өтті қоғам белсендісі.
Айтуынша, осыдан-ақ, Үкіметтің жұмысына баға беруге болады. Үкіметтің жұмыс нәтижесі нашар, ал бірнеше министрдің сөгіс алуы соны дәлелдеп тұр.
Біраз тапсырма орындалмағаны да айтылды. Менің ойымша, осындай ашық формат болғаны дұрыс. Қағазда баға тұрақты, инфляция төмен, айлық өсіп жатса, ал шынайы өмірде керісінше болса, онда оның апаратын тұсы тығырық. Көзді ашып, сөредегі бағаның 100 теңге емес, қасында тағы бір нөлі барын көріп, оны реттеу үшін жұмыс жасалу керек. Үкіметтің жұмысын халық та, президент те мына критерийлермен бағалайды деп ойлаймын: халықтың қажеттіліктерді сатып алу қабілеті (азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай), жол, су және жарықтың қолжетімді болуы және барлық саладағы баға тұрақтылығы. Балапанды күзде санайды. Үкіметтің жұмысына баға күзде беріледі. Көреміз, күтеміз, - деді Асхат Қасенғали.