Үкіметтің жасанды тірлігі халықты бір қалта қантқа таластырып қойды - депутат
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Құдайберген Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғаринге үміт артатынын айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Біз кеше ғана барлығымыз елден оралдық. Халықпен кездесуде көп сұрақ қойылды. Қиын жылдары қазақ соңғы нанын бөлісіп жеп, қанша халықты аман алып қалды. Соңғы кезде Үкіметтің жасанды тірлігі бір қалта қантқа таластырып қойды. Бұл елден сізге аманат, мұндай жағдайды болдырмауға барлық күшіңізді салып жұмыс істейтініңізге сенімдімін. Жаңа жауапты қызметке тағайындалуыңызбен құттықтап, табыс тілегім келеді. Елдің кешегі мазағын қайта болдырмау үшін бар күш-жігеріңізді салады деп сенемін, - деді Ержан Құдайберген.
Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғарин «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы баяндады.
Депутаттар дауыс беру нәтижесінде аталған заң жобасын мақұлдады.