Инфляция 10%-дан төмендей ме? Үкімет нақты мерзімін атады
Үкімет инфляцияны жақын арада 10%-дан төмен түсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға арналған жаңа шаралар жарияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет биыл инфляцияны 10%-дан төмен түсіруге ниетті.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде инфляцияны тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақтарына жауап берді.
Тұрақты экономикалық өсімге қарамастан, былтыр еліміздің инфляциялық қысымның жоғарылауымен бетпе-бет келгені атап өтілді. Үкіметтің, Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде инфляцияның біртіндеп баяулауына қол жеткізілді.
Өткен жылы қыркүйек айында инфляция 12,9%-ға жетті. Қазір Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мүдделі құрылымдар қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде осы жылдың бес айында инфляция көрсеткіші 10,4%-ға дейін төмендеді. Біз қабылдаған шаралардың қорытындысы бойынша жақын арада инфляцияны 10%-дан төмен түсіруді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, өткен жылы инфляциялық процестер халықтың табыс деңгейіне әсер етті.
Егжей-тегжейлі қарасақ, халықтың табысы өскен бірқатар салалар бар. Мысалы, ауыл шаруашылығында ауылдағы жұмысшылардың нақты табысы 9,3%-ға өсті. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау, энергетика сияқты салаларда кірістер бағытына байланысты орта есеппен 4%-ға өсті, көлік саласында бұл көрсеткіш 5-тен 10%-ға дейін артты. Жекелеген салаларда оң динамика бар. Біз халықтың нақты табысының көрсеткіштері экономиканың бүкіл салаларында өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз, - деп атап өтті Премьер-министр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бизнестің өзара міндеттемелеріне баса назар аудара отырып, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан халықтың табысын арттыру жөніндегі шаралар туралы сұраққа жауап берді.
Биыл біз жалпы экономика бойынша халықтың нақты табысының көрсеткіштері өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз. Халықтың табысын арттыру жөніндегі жеке жоспар қабылданды, онда біздің бағалауымыз бойынша халықтың нақты табысының өсуіне алып келетін барлық шаралар егжей-тегжейлі қамтылған. Бұл бүгінгі таңда импорттап отырған қажетті тауарларды өндіруді де, қызметкерлердің жалақысын арттыру жөніндегі шараларды да, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың өзара міндеттемелері шеңберінде еңбекақыны көтеруді де қамтиды. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекеттік қолдау бизнесті дамытуға ғана емес, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға да бағытталатын болады.
Үкімет 2026-2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжатта жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, халықтың борыштық жүктемесін азайту, кәсіпкерлікті дамыту, кадрларды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар көзделген.