Үкіметтің жаңа мүшелері ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің жаңа құрамы бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен алғашқы Үкімет отырысына қатысты.

ҚР Үкіметі туралы Конституциялық заңына сәйкес, Үкімет құрамына алғаш енген адамдардың ант қабылдау рәсімін қабылдаймыз, - деді Смайылов. 
Алғаш болып антты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров берді. 

Қазақстан республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерімді жұмсауға, мемлекеттік Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділдік, азаматтық, ұлтаралық, конфессияаралық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, - деді ол. 

Сондай-ақ Әділет министрі Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов ант берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы