Үкіметтің кінәсі жоқ деп айта алмаймыз – Тамара Дүйсенова

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова "шахтадағы апатқа Үкімет кінәлі ме әлде компания ма деген?" сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ министрге Лакшми Митталдың шетелдегі компанияларының жағдайы жақсы екенін айтып, "неге бізде олай емес" деп сұрады.

Мен олардың шетелдегі жұмыс орындарында болдым. Жабдығы қандай, жұмысшыларына қандай жағдай жасалғанын көрдім. Бүкіл жерде керемет жасап қойды деп айта алмаймын. Соның ішінде біздің мәселеде олардың салғырттығы болған. Сондықтан компанияға жұмыс жөнінде бірнеше ескерту жасалды, - деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер "АрселорМитталдың" 100 пайыз жеке кәсіпорынын екенін айтады. 

Оның ішіне үкіметтің ешқандай қатысы жоқ. Үкімет тарапынан мұндай мәселе бар немесе жемқорлық бар деп айтуға болмайды, – деді ол.

БАҚ өкілі "Үкіметтің кінәсі жоқ па сонда" сұрағын нақтылады.

Үкіметтің кінәсі жоқ деп айта алмаймыз. Бұл жерде компанияның кінәсі көбірек деп ойлаймын. Себебі, елімізде тура сондай Шеврон компаниясы жұмыс істеп жатырғой. Дәл сондай бақылауды оларға да қойып отырмыз, – деді Дүйсенова.

Бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтағаны туралы айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы