Үкіметтік комиссия өкілі: Тергеу нәтижелері уақытылы хабарланатын болады
Тергеу нәтижелері уақытылы хабарланатын болады. Бұл туралы Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін сағат 09:15-те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде қалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, оқиға болған аумақтағы іздестіру жұмыстары толық аяқталды, - деді Ербол Избергенов.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туысы мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтып, Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатқанын жеткізді.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдарлық байланыстарын анықтауда. Тергеу барысында болған оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу және сот нәтижесінде кінәсі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деді Үкіметтік комиссия өкілі.
Сондай-ақ, Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Негізгі міндет – қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтап, қажетті шаралардың барлығын қабылдау. Тергеу нәтижелері мен барлық ресми ақпарат қоғам назарына уақытылы жеткізіледі, - деді ол.