Үкіметтік емес ұйымдар қандай қолдауға ие?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде мемлекет істерін басқару процестеріне азаматтар мен ҮЕҰ-ның кеңінен қатысуына мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленді.
Бұл ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлім етті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігін әзірлеуді тапсырды. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдық қоғамдық ұйымдардың сұранысына бейімдеу және оларды алу үшін жеңілдетілген режимді енгізу ауылдағы әлеуметтік белсенділікке жақсы серпін береді. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді, ол баламалы мемлекеттік, қоғамдық бақылау институтын енгізуді көздейді. Заң мемлекет істерін басқару процестеріне азаматтар мен ҮЕҰ-ның кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Мадияр Қожахмет.
Ол бұл құқықтық жетілдіру қызметінің артында әртүрлі диалог алаңдарында талқыдан өткен үлкен ұйымдастырушылық және аналитикалық жұмыс жатқанын атап өтті.
Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар арқылы қаржылық қолдауға ие болуда. Мәселен, былтыр мемлекет тек қана әлеуметтік тапсырыстарға 14,6 млрд теңге бөлді. Есесіне, бүкіл еліміз бойынша қоғамның сан түрлі бағыты бойынша 1795 жоба іске асты, жүздеген ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Биыл елімізде 1766 жобаны іске асыру көзделген. Сондай-ақ, жалпы көлемі 1,4 млрд теңгені жететін 51 гранттық жоба іске асырылды, -деді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы.