Үкіметте UNISEF ұсынған балаларды қорғау мәселесі талқыланды
Премьер-Министр орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БҰҰ Балалар қорының (UNISEF) Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық директорының орынбасары Октавиан Биволмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (UNISEF) Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму, цифрлық даму, ішкі істер вице-министрлері, Ұлттық статистика бюросының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшылары қатысты.
UNISEF өкілдері Әлеуметтік кодекстің қабылдануын, өңірлерде Отбасының цифрлық картасы мен отбасын қолдау орталықтарын құруды оң бағалады.
Сондай-ақ олар әлеуметтік жұмыстың қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамытуға техникалық қолдау және көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар UNISEF-тің балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалық шақты қорғау, әлеуметтік қызметтер және т. б. мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, АӘК бағдарламасын, балалардың хал-ахуал индексін, баланың цифрлық картасын жетілдіру, балаларды әмбебап балалар жәрдемақыларымен қамтуды (халықаралық тәжірибе негізінде) кеңейту бойынша жаңа шешімдерді әзірлеу үшін UNISEF-тің ҚР Үкіметімен ынтымақтастығын дамыту жоспарланып отыр.
UNISEF-тің балаларды қорғау шараларын күшейту, заңнаманы нығайту, мәселенің шығу себептерімен жұмыс істеуге ерекше назар аудара отырып, бала өмірінде орын алуы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу, білім берудің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, бала жәбірленуінің алдын алу және балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету және т. б. бойынша ұсынымдары бірлесіп қарастырылады.